Елімізде аграрлық туризм қызметінің ережелері әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде агро және ауыл туризмін дамыту бағытында бірқатар іс-шара қолға алынды. Толығырақ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтып берді.

- Ауылдық туризмді дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Бұл тек мәдениетті және дәстүрлі өмір салтын сақтауға емес, сонымен қатар өңірлердің тұрақты дамуына мүмкіндік береді. «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауы осы бағытты ілгерілету үшін өткізілді. Байқау арқылы болашағы бар ауылдар анықталып, жергілікті халықтың туризмге қатысуы артты. Сонымен қатар агро-туризмді ілгерілету мақсатында фермерлерге туристік қызметпен айналысу мүмкіндігін беру үшін заң жобасы дайындалып жатыр. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, аграрлық туризм қызметінің ережелері әзірленіп жатыр, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, аталған ереже ауылдағы шағын және отбасылық кәсіпкерлікті заңдастыруға және қолдауға бағытталған.
- Этнотуризмді қамтитын агро-туризм бойынша әдістемелік құрал әзірленді. Бұл құрал фермерлер мен қонақүй иелеріне арналған. 900-ден астам ауыл тұрғыны арнайы тренингтерден өтті. Оларға қонақүй ашу мен жүргізу тәсілдері үйретілді, - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД-да бірінші болып туризм статистикасына мобильді деректерді енгізді.
Еске салайық, былтыр Қазақстанға 15 млн-нан астам шетелдік турист келген.