Елімізде аниматордың қызметі қанша
Аниматорлар балалар мерекесін қызықты әрі көңілді өткізу үшін бірнеше қызмет түрін ұсынады, деп Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қай кейіпкерді шақыруға болады?
Қазақстан қалаларында аниматорлардың кейіпкерлері бір-біріне ұқсас болып келеді. Балалар арасында танымал кейіпкерлер сұранысы жоғары. Қандай да бір қызықты тренд кездессе, костюм де дереу өзгертіп, жаңартады. Мәселен қазіргі кезде Хаги-Ваги, Маша мен аюды сирек кездестіреміз, есесіне Соник, Құтқарушы патруль, Үш мысық жиі ұшырасады. Тіпті Кальмар ойыны, Уэнсдей костюмі де бар.
Сонымен бірге сәннен қалмайтын кейіпкерлер де бар. Гарри Поттер, трасформер мен Эльза кейіпкері аталған тізімде. Міне, осы кейіпкерлер еліміздің балалары арасында сұранысқа ие.
Таңдау кезінде кейіпкер костюмінің сапасына ерекше мән беру керек. Кейде «Арзанның суы татымастың» кері келіп, кейіпкер костюмі көңіл қалдырып жатады.
Аниматорлар не ұсынады?
Ең арзан әрі жиі ұшырасатын қызмет түрі — бір аниматорды шақыру. Бағдарлама 50 минутқа, бір сағатқа, кейде бір жарым сағатқа созылады. Уақыт — ақша. Сонымен бірге бір емес, бірнеше аниматордың қызметіне тапсырыс беруге болады. Мұндайда балаларды үйіріп, олардың уақытын қызықты өткізу әлдеқайда жеңіл. Бірақ ақысы екі есе қымбаттап, орта есеппен 5 000-10 000 теңгеге шығады.
Көңілді кеш аясында би, лазерлік шоу, көбікті кеш, аквагрим, арнайы бағдарлама ұсынады. Әдетте әр қосымша қызметке қосымша ақы төлеуге тура келеді. Кейде бағдарламаға осы қызмет түрі кіреді.
Ең қымбат қызмет түрі — бірнеше кейіпкердің басын қосу және түрлі шоу ұйымдастыру. Мұндай шоу көп балаға арналады. Бұл 3-4 сағатқа созылуы мүмкін. Сонымен бірге қазір Қазақстанда балаларға арнап ойын алаңы жасақталып, сол жерде кейін бағдарламаны қосуға мүмкіндік беріледі. Мұнда балалар тамақтанады, ата-аналар түрлі суын мен тіскебасар әкеледі.

Аниматор қызметінің құны қанша?
Ең арзаны Тараз қаласында болып тұр. Мұнда баға — 4 000-33 000 теңге.
Кейінгі орында Петропавл мен Көкшетау қалалары тұр. Қызмет құны 5 000 теңгеден басталып, 20 000 теңгеге жетеді.
Содан кейін Қостанай мен Қызылорда қалаларын атап өтуге болады. Мұнда қызмет құны 6 000 теңгеден басталады. Орал қаласында қызмет құны 7 000-35 000 теңге аралығында.
Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Семей мен Алматыда аниматордың қызметі 10 000 теңгеден басталады. Ал қымбаты 40 000 — 150 000 теңге аралығында.
Павлодар, Ақтөбе мен Астанада ата-аналар баралары үшін кем дегенде 15 000 теңге төлеуі тиіс. Соның ішінде Павлодарда толық бағдарлама үшін 75 000 теңге, еліміздің астанасында 183 000 теңге сұрайды. Содан кейінгі орында Өскемен қаласы тұр. Мұндағы қызмет құны 16 000 теңгеден басталады.
Қызмет құны қымбат үздік үштікке Ақтау кіреді. Мұндағы баға 20 000 — 80 000 теңге аралығында. Содан кейінгі орында Атырау қаласы тұр. Мұндағы баға — 25 000-45 000 теңге. Бірінші орында — Түркістан қаласы. Мұнда ең арзаны — 26 000 теңге.
Айта кетелік, еліміздің қалаларында бұл қызмет кең тарай қоймаған. Бәсекелестіктің аз болуы бағаға да әсер етеді.
Еске салсақ, бұған дейінгі аптада ланерьге жолдама алу құны туралы жазған едік.