Елімізде апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіс

АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. 

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Ғани Өтепбайұлы Жапишов ҚР Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бастығы болып тағайындалды

Ол 1986 жылғы 13 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «журналистика» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қарағанды қаласында «Болашақ» академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Президенттік «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Broadcast Journalism мамандығы бойынша АҚШ-та Нью-Йорк кино академиясын (NYFA) тәмамдаған.

Соңғы атқарған қызметі — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің кеңесшісі.

Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Бақытжан Молдахметов тағайындалды

Б. Молдахметов 1976 жылы туылған, білімі жоғары, 1998 жылы Алматы технологиялық институтын «инженер-технолог», 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «қаржы және несие», 2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетін «құқықтану», 2024 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «экология» мамандықтары бойынша бітірген.

2022 жылдың қараша айынан Алматы облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары лауазымында еңбек еткен.

Қарағанды облысының білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің жаңа басшысы болып Санат Қабиденұлы Мусин тағайындалды

С. Мусиннің еңбек өтілі 26 жылдан асады. Соның 19 жылдан астамы мемлекеттік қызмет саласына тиесілі. Әр жылдары атқарушы билік органдарында түрлі лауазымдарды атқарған. 2003 жылдан бастап сот орындаушылығы, құқықтық қамтамасыз ету және әкімшілік басқару бағыттарында қызмет етті.

Ермек Шуақпаев Қостанай қаласының прокуроры қызметіне ауысты

Ермек. Болатұлы 1980 жылы туған, Қостанай облысының тумасы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген. Осы тағайындауға дейін Қарасу ауданының прокуратурасын басқарды.

Алмасхан Сматлаев Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

А. Сматлаев Ресей Федерациясындағы Қаржы университетін «экономика» және «мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандықтары бойынша, сондай-ақ, АҚШ-тағы Блумсберг университетін «халықаралық экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Осыған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып еңбек еткен.

Осы аптада Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып Мақсат Шакиров тағайындалды.

М. Асанұлы 1986 жылы 24 қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауданы Аягөз қаласында туған. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Есеп және аудит», «Құқықтану» мамандықтары бойынша және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы лауазымына Қуат Оқасов тағайындалды

Ол бұған дейін Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болған.

Қ. Барысұлы 1969 жылы 12 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Дүниежүзі тарихы» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының уақытша басшысы болып басқарма басшысының орынбасары Дәурен Мұқанов тағайындалды

Дәурен Мұқанов 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол кәсіби жолын сәулет саласынан бастаған. 2010 жылы Қазақ бас сәулет -құрылыс академиясы жаныныдғы Сәулет колледжі бітіріп, кейін Қазақ бас сәулет-құрылыс академия кампусында оқуын жалғастырып, сәулетші мамандығын алды. Кейіннен біліктілігін кеңейтіп, Алматы университетінде және Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында білім алып, заңгерлік мамандық бойынша оқуды тәмамдады.

Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына Қарлығаш Рамазанова жетекшілік етеді

Еңбек жолын 2004 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың спорттық пәндер кафедрасында оқытушы болып бастаған. Спорт саласында мол тәжірибесі бар. Бұған дейін Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары қызметін атқарған.

Сәкен Амрин Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасын басқаратын болды

С. Өмерсерікұлы 1984 жылы Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Соңғы жылдары «Көпсалалы облыстық аурухананың» бас директоры қызметін атқарды.

Абай облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Марат Теміржанов тағайындалды

М. Қапарұлы 1972 жылы 1 қаңтарда Абай облысы Көкпекті ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1997 жылы «Семей» мемлекеттік университетін «Зоотехния» мамандығы бойынша, 2009 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2025 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Белгілі медиаменеджер Ләззат Танысбай «Еуразия» бірінші арнасының директоры лауазымына тағайындалды.

Л.Танысбай осыған дейін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетті және бұл көрсеткіштер ұжым үшін өте маңызды. Алты жыл ішінде Корпорацияның теле және радио арналарының рейтингі өсіп, коммерциялық табысы 50 пайызға артты.

Бұл аптада «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы тағайындалды. Бұл қызметке Ернұр Бурахан келді

Е. Көшерханұлы 1981 жылы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Журналистика саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде болды.

Рүстем Мұхтарұлы Төлеутаев «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы

Ол 2006 жылы Новосібір мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетін, 2007 жылы Новосібір облыстық ауруханасының базасында жалпы хирургия бойынша интернатураны, 2009 жылы академик Мешалкин атындағы қанайналым патологиясы ҒЗИ-да жүрек-қантамырлары хирургиясы бойынша клиникалық ординатураны үздік бітірді. 2013 жылы Milano-Bicocca (Италия) университетінде кардиохирургия бойынша магистр дәрежесін қорғады.

Соңғы жаңалықтар