Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

тағайындау
Фото: ҚазАқпарат

Президент Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ғауез Нұрмұхамбетов 1968 жылы Қостанай облысы Қарасу ауданының Майский ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер», 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Ғауез Торсанұлы өзінің еңбек жолын 1985 жылы Қостанай облысы Комсомол ауданы «Магнайский» совхозының № 1 бригадасының механизаторы болып бастады. 1992-1994 жылдары Торғай облысы Октябрьсий ауданы Вильямс атындағы совхоздың бас агрономы болды. 1994-1996 жылдары - Қостанай облысы Қостанай ауданы "Московский" совхозының бас агрономы. 1996-1997 жылдары Қостанай облысы Комсомольский ауданы «Боскольское» КК директоры болып еңбек етті.

1997-2008 жылдары Қостанай облысы Таран және Қарабалық аудандарының әкімі болды. 2008-2009 жылдары - Қостанай қаласының әкімі. 2009 жылдан 2011 жылға дейін Қостанай қаласы "Содружество" ЖШС бас директорының орынбасары лауазымында болды. 2011-2012 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі. 2012 жылдан 2014 жылға дейін Қостанай қаласының әкімі.

2014 жылдан 2015 жылға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2015 жылдан 2023 жылға дейін Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2023 жылдың 25 қантарынан бастап ҚР Парламенті Сенатының Депутаты болып сайланды. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі.

Мемлекет басшысының өкімімен Бақытжан Шаймұхаметұлы Сапиев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Зүлфия Болатқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды.

Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. 2020-2021 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарған.

2021 жылғы қаңтардан VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. 2022 жылғы 14 наурызда Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, 2023 жылғы 4 қаңтарда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Министр қызметінен 1 қыркүйекте босатылды.

Үкімет қаулысымен Айжан Әділқызы Бижанова ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Айжан Бижанова 1982 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Халықаралық бизнес академиясын, Қайнар Академиясын бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы «Кедентрассервис» ЖАҚ менеджері болып бастаған.

2004-2007 жылдары — «Қазақ ақпараттық технологиялар ғылыми-зерттеу институты» АҚ Заң бөлімінің аға заңгері, бастығы. 2010-2011 жылдары — Алматы қаласы Әділет департаменті Жетісу ауданының АХАЖ және Құқықтық түсіндіру жұмыстары және халыққа заңгерлік қызмет көрсету жұмысы бөлімдерінің жетекші маманы. 2011-2013 жылдары ҚР Әділет министрлігінің құрылымында жұмыс істеді. 2013-2014 жылдары — «ҚазМедТех» АҚ Заң және кадр жұмысы департаментінің директоры.

2014-2018 жылдары — «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сараптаманы үйлестіру департаментінің сарапшысы, Заңнама және өзін-өзі реттеуді дамыту департаментінің басқарушы директоры, директоры. 2018-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды. 2019-2020 жылдары — ҚР Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауда департаментінің директоры, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары.

2020-2021 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2021 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

Қаржы министрінің бұйрығымен Жандос Дүйсембиев ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Жандос Дүйсембиев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және Алматы университетін бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша салық комитетінің өндіріп алу бөлімінің маманы, салық инспекторы болып бастаған.

2006-2009 жылдары – Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша салық комитетінің өндіріп алу бөлімінің басшысы. 2009-2010 жылдары – Алматы қаласы бойынша салық департаментінің мәжбүрлеп өндіріп алу басқармасының басшысы. 2010-2012 жылдары – Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары.

2012-2014 жылдары – Алматы қаласы салық департаменті акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы; салық аудиті басқармасының заңды тұлғалар аудиті бөлімінің басшысы; Алматы қаласы салық департаменті салық аудиті басқармасының №5 аудит бөлімінің басшысы; 2014-2015 жылдары – Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы.

2015-2016 жылдары – Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы. 2016-2017 жылдары – Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары. 2017-2019 жылдары – Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ұйымдастыру-қаржы басқармасының басшысы. 2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры. 2022-2023 жылдары Мемлекеттік кірістер комитетінің бас диспетчерлік басқармасы басшысы лауазымын атқарды. 2023 жылдың қыркүйек айында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып тағайындалды

ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Камалов Рамиль Фаткулович Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Рамиль Камалов 1976 жылы Торғай облысында дүниеге келген.

ҚР ІІМ Павлодар техникалық колледжін, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын Ақмола облысы Ішкі істер басқармасы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет (МӨҚҚ) басқармасының №84 жекешелендірілген әскерлендірілген өрт сөндіру бөлімінің мемлекеттік өртті бақылау инспекторы болып бастаған.

1998 жылы — Ақмола облысы МӨҚҚ №19 өрт сөндіру бөлімінің мемлекеттік өрт бақылау инспекторы. 1998-1999 жылдары — Астана қаласының МӨҚҚ №7 өрт сөндіру бөлімінің инспекторы. 1999-2005 жылдары — Астана қаласы «Өрт сөндіруші» РМК филиалының №7 өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, Астана қаласының «Өрт сөндіруші» РМК №11 филиалының №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, Астана қаласы «Өрт сөндіруші» РМК филиалының өрт сөндіру тобының бас маманы.

2005-2006 жылдары — ҚР ТЖМ ТЖ саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау комитетінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бас маманы. 2006-2014 жылдары — ҚР ТЖМ Өртқе қарсы қызмет комитетінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімінің бас маманы, бастығы. 2014-2016 жылдары — ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру қызметін ұйымдастыру бойынша басқармасының бастығы.

2016-2017 жылдар аралығында ҚР ІІМ ТЖК Маңғыстау облысы ТЖД бастығының орынбасары.

2017 жылдың маусым айынан бастап осы уақытқа дейін ҚР ІІМ ТЖК Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып қызмет атқарды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне Данияр Жаналинов тағайындалды. Данияр Еренғалиұлы 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ көлік және коммуникация академиясын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы Алматы облысы бойынша Салық департаментінде инспектор болып бастаған. 2002-2010 жылдары Алматы облысы бойынша Салық департаментінде салық инспекторы, жетекші, бас салық инспекторы, бөлім басшысы және департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2010-2014 жылдары Қаржы министрлігі Салық комитеті басқармасының басшысы болды.

2014-2018 жылдар аралығында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, 2018-2021 жылдар аралығында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымын иеленді. 2021-2022 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі болып еңбек етті. 2022 жылдың тамыз айынан осы кезге дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.

Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымына полковник Ерік Сарыбаев тағайындалды.

Сарыбаев Ерік Темірханұлы 1976 жылы 28 мамырда Түркістан облысы Темірлан ауылдық округінің Бөген ауылында дүниеге келген.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын "Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс", "Әскери бөлімдер мен құрамаларды басқару" мамандықтары бойынша бітірген. Осы тағайындауға дейін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болды.

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметіне Нұрғали Жүнісов тағайындалды.

Нұрғали Сырлыбайұлы 1975 жылы 23 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. 1998 жылы ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын ОҚО ІІБ жанындағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының әскерилендірілген өрт күзеті жасағының № 16 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің инспекторы болып бастаған.

1997-2018 жылдары Түркістан облысы ТЖ департаментінде әртүрлі лауазымда еңбек етті. 2018 жылдан бастап Түркістан облысы ТЖД бастығы қызметін атқарып келді.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне басшы болып Нұрлан Жаңабаев тағайындалды.

Нұрлан Мақсұтұлы 1984 жылы 11 желтоқсанда Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Азаматтық қорғау органындағы еңбек жолын 2006 жылы Атырау облысы МБҚБ ӨҚҚ мен АҚБЖҮҚ бөлімінің инженері болып бастаған.

2009 жылға дейін Махамбет аудандық ӨҚҚБ инженері, 2009-2012 жылдары Мақат ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, Атырау облысының ТЖД Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының жедел кезекшісі, 2012-2013 жылдары Махамбет аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болған.

2013-2014 жылдары Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, 2014-2017 жылдары облыстық департаментте Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы лауазымын атқарған.

2017-2021 жылдары ІІМ ТЖК Атырау облысының ТЖД Атырау қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, 2021 жылдан осы кезге дейін Маңғыстау облысының ТЖД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.

Ақтау қаласының әкімі лауазымына Ұлыбек Тналиев тағайындалды.

Ұлықбек Тналиев Атырау мұнай және газ институтының бакалавриатын «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» мамандығы бойынша бітірген, «Техника ғылымдары» магистрі, сондай-ақ «Экономика және бизнес» магистрі академиялық дәрежесіне ие.

Еңбек жолын 2006 жылы азаматтық қоғам және жастар саясаты саласында бастаған. Атырау облысы Махамбет ауданы әкімінің орынбасары, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2022 жылдың маусымынан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды.

Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Саран қаласының әкімі болып Еркін Баулықов тағайындалды.

Еркін Баулықов 2016 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде түрлі лауазымдар атқарды. Сондай-ақ елордада ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінде еңбек етті. Содан кейін Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды. 2021 жылғы желтоқсаннан бастап осы тағайындауға дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болды.

Абай облысы Аягөз ауданының әкімі лауазымына Қанат Әділбай тағайындалды.

Қанат Серікқанұлы 1972 жылы 14 желтоқсанда Абай облысы Аягөз ауданы Аягөз қаласында дүниеге келген. Мамандығы — инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1996 жылы Семей қаласы бойынша салық инспекциясының заңды тұлғалардың салық салу бөлімінің бірінші категориялы маманы болып бастады. Ұзақ жылдар бойы Семей қаласының салық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп, кейін Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек етті.

2019-2021 жылдар аралығында Семей қаласы әкімінің бюджетті қалыптастыру және атқару, несие және кеден саясаты, банк мекемесі, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, байланыс, туризм және сауда, еңбек инспекциясы мен қоршаған ортаны қорғау салалары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ «АКМ Стройсервис» ЖШС директоры болды.

Әбілқайыр Сқақов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. «Экономист және қаржыгер» (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті), «Заңгер» (Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институты) және «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар.

Әбілқайыр Сқақов 1995 жылдан 2012 жылға дейін Павлодар және Қостанай облыстарының салық органдарында жұмыс істеді. 2006–2008 жылдар аралығында Павлодар облысы денсаулық сақтау департаменті директорының экономика жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

2012-2016 жылдары Қаржы министрлігі жүйесінде, оның ішінде Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарды. 2016-2019 жылдар аралығында Әбілқайыр Сқақов Қорғаныс министрінің орынбасары ретінде қаржы және экономика мәселелерін басқарды, одан кейін Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы. 2020-2022 жылдары Павлодар облысының әкімі болды.

Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Болат Тілепов Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалды.

Болат Тілепов тұңғыш жоғары оқу орнының қабырғасында диссертация қорғап, Абай атындағы ҚазҰПУ заң факультетінде оқытушы болып жұмыс істеді. Жаңа басшының еліміздің қоғамдық-саяси және ғылыми салаларында тәжірибесі мол: «Стратегия» талдау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, Әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми-зерттеу институты мен Саяси технологиялар орталығында аға ғылыми қызметкер болған.

Ішкі саясат департаментінде, Алматы және Астана қалаларының Ішкі саясат басқармасында, ҚР Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаментінде басшылық лауазымдарында жұмыс істеді.
ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі қызметінде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеп, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.

Соңғы жаңалықтар