Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде туризм, спорт, қаржы салаларында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Аптаның алғашқы күні Жандос Шаймарданов Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры лауазымына тағайындалды.
Жандос Нұрланұлы Шаймарданов 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Йорк университетін (Ұлыбритания), IE университетін (Испания) бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Экономика және жоспарлау министрлігінде бас сарапшы қызметінен бастаған.
2010–2013 жылдары — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ менеджері.
2013–2014 жылдары — ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттің міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты басқармасының бас сарапшысы.
2014–2016 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры.
2016–2019 жылдары — Департамент директоры, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарушы директоры.
2019–2020 жылдары — «QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасы.
2020–2022 жылдары — ҚР Ұлттық банкі Ақша-несие саясаты департаментінің директоры.
2022–2023 жылдары — ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы.
2023–2025 жылдары — ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Дәл сол күні Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов Президенттің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі лауазымына тағайындалды.
Еркін Тұқымов 1973 жылы Өзбекстанда, Терміз қаласында туған.
1997 жылы Варшама халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, 2004 жылы ҚР Ғылым академиясының Философия және саясаттану институтының аспирантурасын тамамдады.
Еңбек жолын 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері ретінде бастады.
2000-2005 жылдары ҚСЗИ сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі.
2005-2007 жылдары Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры болды.
2007-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде ақпараттық-талдау орталығының стратегиялық талдау секторының меңгерушісі, Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының стратегиялық халықаралық ықпалдастық секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2008 жылдың маусымында ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия департаменті директорының орынбасары, кейіннен департамент директоры болды.
2010 жылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі болды.
2022 жылы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры болды.
Қазақстанның Қазандағы бас консулы лауазымына 2018 жылы тағайындалды.
2019 жылы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-елшісі болды.
Дипломатиялық дәрежесі - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ІІ сыныпты кеңесшісі.
Апта басында Ақмола облысы Зеренді ауданының жаңа әкімі де сайланды. Бұл қызметті енді 1988 жылы туған Әсет Құрманғожин атқарады.
Әсет Құрманғожин көлік және коммуникация колледжінде және Қазақ темір жол көлігі университетінде «темір жол көлігіндегі экономикалық қызмет» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
17 жылдан астам уақыт Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында, статистика органдарында, қазынашылық органдарында, Зеренді ауданы әкімінің аппаратында қызмет етті. 2022 жылы Зеренді ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2024 жылдан бастап сайлауға дейін Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болған.
«Барыс» хоккей командасының бас директоры қызметіне Сәкен Мұсайбеков тағайындалды.
Сәкен Жүнісбекұлы 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының көмекшісі, ҚР мемлекеттік кіріс министрінің кеңесшісі, ҚР Қаржы министрлігі әкімшілік департаментінің директоры, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Қазақавтожол» РМК бас директорының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі болып, өзге де салаларда қызмет атқарған.
Сәкен Мұсайбеков спорт саласында басшылық қызметте болған. Бұған дейін Сәкен Жүнісбекұлы Қазақстан хоккей федерациясы бас директорының қызметін атқарды.
Қайрат Садықов Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Қайрат Садықов Шығыс Қазақстан облысында туған. Орынбор Жоғары зенитті-зымыран командалық училищесін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы академиялық курстарды, Д.Қонаев атындағы университетті «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бас басқармасының басшысы болды.
II дәрежелі «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Олжас Смағұлов тағайындалды.
Олжас Мұхтарұлы Американдық халықаралық университетін, Калифорния штаты Помона политехникалық университетін, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін және Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін тәмамдаған. Экономика, мемлекеттік саясат және басқару салаларында магистр дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2013 жылы Атырау облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.
Әр жылдары Атырау облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасында басшылық қызметтер атқарды. Премьер-министр Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас сарапшысы болды.
2015–2019 жылдар аралығында Ақтөбе облысында бірнеше басшылық қызметте жұмыс істеді.
2019–2021 жылдары Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2021 жылы қарашадан бастап осы уақытқа дейін Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде болды.
Даниел Сержанұлы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ директорлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша компания басшысының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды.
Ол 2024 жылдың қаңтарынан бері басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Айнагүл Ысқақова KASE басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды. https://kaz.inform.kz/news/kase-baskarma-toragasinin-orinbasari-tagayindaldi-9baf45/
Айнагүл Ысқақова Қазақстан Республикасының қаржы секторында 18 жыл жұмыс өтілі бар, 2018 жылдан 2022 жылға дейін KASE-де Стратегия және халықаралық ынтымақтастық бөлімшесін басқарды. Жақында «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ басқарушы директоры, басқарма мүшесі болды, онда оның басшылығымен Agile әдіснамасы бойынша өнімді әзірлеу практикасы енгізілді. Қаржылық талдау, стратегиялық жоспарлау, жобалық басқару және халықаралық қатынастар саласында тәжірибесі бар.