Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде негізінен жергілікті атқарушы органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Түркістан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына Еркебұлан Әбілханұлы Дауылбаев тағайындалды.
Еркебұлан Дауылбаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің инспекторы лауазымынан бастады. 2010-2011 жылдары ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы, лицензиялау бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы қызметін атқарcа, 2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы болды.
2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек етті. 2020-2021 жылдары ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021 жылғы тамыздан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болды. 2023 жылдан бастап қазірге дейін Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.
Түркістан облысы, Арыс қаласының әкімі болып Маңқараев Қайсар Зәкірұлы тағайындалды.
Қайсар Маңқараев 1979 жылы, 9 сәуірде дүниеге келген. Білімі – жоғары. Мамандықтары: бухгалтерлік есеп және аудит, құқықтану. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі: 16 жыл, 9 ай. Еңбек жолын 2000 жылы бастап, Шымкент қаласында, «Береке» ЖШС-інде кассир, менеджер, экономист болып жұмыс істеген. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті басқармасының дәрменсіз кәсіпорындарға мониторинг бөлімінің жетекші маманы болды. Ал 2005-2010 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі органдарында еңбек еткен.
2010-2016 жылдар аралығында «ҚР Парламенті шаруашылық басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшылық лауазымдарында, Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс атқарды. 2016-2022 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды. 2022 жылдан бері Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келді.
Сондай-ақ, ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы лауазымының міндетін атқарушы болып полиция подполковнигі Айдар Әбдікерімұлы Омаров тағайындалды.
Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және жедел мәселелер жөніндегі орынбасары болып Сергей Мелехов тағайындалды.
Сергей Мелехов 1987 жылы Аққайың ауданы Смирнов ауылында дүниеге келді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша, С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «Электр энергетигі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Конькимен жүгіруден ҚР спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы.
Еңбек жолын 2007 жылы конькимен жүгіру спортынан нұсқаушы-спортшы қызметінен бастады. Әр жылдары СҚО әкімдігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінде, «Астанаэнергосервис» АҚ техникалық бақылау және жобаларды басқару инженері қызметінде жұмыс істеді. 2018-2020 жылдары Петропавлдағы «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған олимпиадалық резервтегі спорт мектебіне жетекшілік етті. Осы тағайындауға дейін Сергей Мелехов СҚО әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды. Сондай-ақ 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде Хромзавод шағын ауданының жедел штабын басқарды.