Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Үкімет қаулысымен Майра Мелдебекова оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды

Майра Тұрғанбайқызы 1971 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Алматы Еңбек Қызыл Ту ордені университетін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы пионер лагерінің тәрбиешісі болып бастаған. 1993-2005 жылдары аралығында Шымкент қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының бірқатар мектептерінде мұғалім, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарды.

2005-2018 жылдары — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бас маманы, басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары, директоры. 2018-2020 жылдары — Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы; 2020-2021 жылдары — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы; 2021-2022 жылдары — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары; 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Досжан Мұсалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды.

Ол 1985 жылы дүниеге келген. 2002–2007 жылдары — Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің академиясын бітірген. Мамандығы — телекоммуникациялық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігі.

2012–2014 жылдары — Қазақ гуманитарлық-заң университетін Құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. 2021–2023 жылдары — Назарбаев Университетін бітірген. Мемлекеттік басқару магистрі (MPA).

2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында ақпараттық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар салаларында әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Жанар Рысбайқызы Досаева Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды

Ол 1974 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, «Тұран-Астана» университетін бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы Астана қаласы Ішкі саясат департаментінің Талдау, мониторинг және жастар саясаты бөлімінің бас маманы болып бастаған.

2003–2007 жылдары — Мемлекеттік білім беру және тестілеу стандарттары ұлттық орталығының әкімшілік-талдау бөлімінің бастығы. 2008–2017 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің құрылымында түрлі лауазымды қызмет атқарды. 2019–2025 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымда жұмыс істеді.

2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Егемберды Ерғали Қуандықұлы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы болып тағайындалды

Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Бостон университетін (АҚШ) тәмамдаған. Саяси ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1998 жылы Қаржы министрлігінің жүйесінде Астана қаласы Қаржы департаментінің бас маманы болып бастаған. Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, астананың «Сарыарқа» ауданының әкімі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Президент әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Соңғы екі жыл Қаржы министрлігінің Аппарат басшысы болды.

Серік Жанайдаров Алматы қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып тағайындалды

Серік Тлеуханұлы 1968 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Бүйректал ауылында туған. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін орта мектептің тарих мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

1999 жылы Алматы Заң институтын заңгер мамандығы бойынша бітірген. 2016 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Экономика және бизнес» бакалавры бойынша бітірген.

2024 жылғы 1 шілдеден 2025 жылдың 8 мамырына дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Кеден қызметінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Қаржы министрінің бұйрығымен Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына Кенжеғазы Есембеков тағайындалды

Кенжеғазы Мұқажанұлы еңбек жолын 1996 жылы мемлекеттік кірістер органдарында бастаған. Әр жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелерінде жұмыс істеген.

Алматы сондай-ақ Астана қаласында, Алматы мен Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде басшылық қызметтер атқарған. 2021 жылдан Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік қызметтер департаменті акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы болған. Ал 2022 жылғы 18 мамырдан бері Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Әлібек Сайынұлы Антазиев БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Әлібек Антазиев 1982 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін аудармашы, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Атырау облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жоспарлау шарт бөлімінің бас маманы, Орал қаласы құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының меңгерушісі, БҚО құрылыс басқармасы тұрғын үй құрылысының мониторингі, сондай-ақ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы, осы басқарма басшысының орынбасары болды.

Тағайындауға дейін Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің өкімімен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндеттерін атқарушы болып Сержан Сәрсенбекұлы Назарбек тағайындалды

Сержан Сәрсенбекұлы 1986 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін, Германия Федеративтік Республикасындағы Билефельд университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебін және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алған.

«Қоғамдық денсаулық» мамандығы бойынша «денсаулық сақтау саласындағы ғылым магистрі және „Мемлекеттік басқару“ мамандығы бойынша „бизнес және менеджмент“ магистрі. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және неміс тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ ғылым және білім департаментінің бас менеджері болып бастаған. Әр жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жобасының басшысы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Үйлестіру тобының жетекшісі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтеріндегі Қазақстан Республикасының өкілі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Жаһандық денсаулық сақтауды дамыту орталығының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК басқарушы директоры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық қызметкері, «Сапалы мед қызмет» сервистік компаниялар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.

Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен Нәзипа Аюбаева Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті лауазымына тағайындалды

Ол Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің Білім беру факультетінде философия докторы (PhD) және философия магистрі (MPhil) дәрежелерін, Үндістандағы Бангалор университетінде маркетинг және жүйелер мамандығы бойынша іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесін, сондай-ақ Бішкектегі Жоғары колледжде педагогика және лингвистика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.

Еңбек жолын Тараз қаласындағы № 39 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында әлем әдебиеті және философия пәндерінен арнайы курс жүргізген. Нархоз университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қауымдастырылған профессор қызметінде болған.

Әр жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы төрағасының орынбасары, «Назарбаев Қоры» төрағасының орынбасары, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің аға ғылыми қызметкері және Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық Банкі жанындағы «Ұлттық аналитикалық орталық» акционерлік қоғамының жобалар менеджері қызметтерін атқарған.

Нәзипа Алтынбекқызы Еуропалық комиссия, Америкалық халықаралық даму агенттігі (USAID) және Дүниежүзілік сауда институтының (WTI) аймақтық жобаларын басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған. Білім саласындағы зерттеушілердің Қазақстандағы қауымдастығының (KERA) негізін қалаушылардың бірі және Еуропадағы білім саласын зерттеушілер қауымдастығының белсенді мүшесі.

«Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Алматы қаласы әкімінің коммуникация және БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі болып Ильзат Акчурин тағайындалды

Ол 2024 жылдан бастап, осы уақытқа дейін «Almaty» телерадиокомпаниясы» АҚ бас директорының орынбасары қызметін атқарды.

Ақпарат саласындағы 15 жылдық еңбегін ол тілші болып бастаған. Одан соң тележүргізуші, Астана қаласындағы тілшілік пункте сараптамалық бағдарламалар бөлімінің басшысы, шығарушы редактор, бас редактордың орынбасары, кейін «Almaty» телерадиокомпаниясының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар департаментінің директоры — бас редакторы қызметін атқарды. Сондай-ақ, «Таң» және «СТВ» телеарналарында жұмыс істеген.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы басқармасының төрағасы болып Дәулет Әбдуәлиұлы Оралов тағайындалды

Дәулет Ораловтың жоғары заңгерлік және қаржылық білімі бар. Әр жылдары мемлекеттік және жеке құрылымдарда жауапты лауазымдарды атқарды.

Еңбек жолын 2012 жылы Алматы қаласы Әділет департаментінде мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы болып бастаған. Содан кейін «Алматы» ӘКК-де жобалау менеджері, «Alan Parking» ЖШС бас директорының орынбасары, «Алматы» ӘКК-де жобаларды басқару және инвестициялар тарту департаментінің директоры қызметін атқарды.

2018–2021 жылдары Дәулет Оралов Алматы облысы әкімінің көмекшісі болды. Кейінгі жылдары өнеркәсіп секторында — «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС басқарушы директоры, «Petro Premium Service» ЖШС бас директоры болып жұмыс істеді. 2023 жылғы қазаннан бастап осы күнге дейін «Қазақтелеком» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі бизнес-жаттықтырушы және менеджер лауазымдарын атқарды.

Қазақстандық 43 жастағы жаттықтырушы «Атырау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды

Денис Мамонов Павлодар облысында дүниеге келген. Ол футболдағы қорғаушы және жартылай қорғаушы ретінде мансабын «Жетісу» (Талдықорған), «Восток» (Өскемен), «Тараз» және «Есіл-Богатырь» (Петропавл) клубтарында өткізген.

Бапкер ретінде алматылық «Қайрат» футбол клубының құрылымында, «Жетісу», «Мақтаарал» және «Ақсу» футбол клубтарында қызмет атқарды. Денис Николаевич қазірге дейін 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері болды. Маусым басында «Атырау» командасына қайта оралған ол бұрынғы бас бапкер Константин Горовенконың көмекшісі болған еді

«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры лауазымына Уильям Лакоби тағайындалады. Бұл қызметті 2021 жылдан бері бас директор болған Кевин Лайон атқарған еді

Ол «Шеврон» компаниясының АҚШ, Ангола және Индонезиядағы бизнес бөлімшелерінде түрлі инженерлік-техникалық, басшылық қызметтерді атқарған. 2021 жылдан бері Оңтүстік Африкадағы стратегиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры болды. Бұл қызметінде Ангола мен Конго Республикасындағы «Шеврон» компаниясының активтеріне, оның ішінде Анголадағы сұйытылған табиғи газ өндірісінің ірі жобасына жетекшілік етіп, жергілікті қамту және кадрларды дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқатының артуына ықпал еткен басшы ретінде танылды.

Соңғы жаңалықтар