Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада еліміздің әкімдіктерінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

тағайындау
Фото: freepik.com

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып Серік Жақсылықұлы Сәлемов тағайындалды.

С. Жақсылықұлы 1972 жылы туған. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Әр жылдары «Салтанат» шағын мемлекеттік кәсіпорында тері өткеруші, «Ақбастау» шағын жеке кәсіпорнында құрылыс учаскесінің шебері, «Салтанат» шағын мемлекеттік кәсіпорнында директордың орынбасары, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр бөлімінің бас кеңесшісі, бас маманы, Байзақ ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облыстық мәслихат аппаратының бас маманы, ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, жетекшісі лауазымдарын атқарған.

2022 жылғы шілде айынан бастап бүгінге дейін М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма мүшесі – Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры қызметін атқарып келді.

Облыс әкімінің жаңа орынбасары білім, дене шынықтыру және спорт, ақпарат және қоғамдық даму, дін, мәдениет және тілдерді дамыту салаларына жетекшілік етеді.

***

Осы аптада Атырау облыстық білім басқармасының басшысы қызметіне Марат Әбуов тағайындалды

Марат Әлменұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін шетел тілі, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік басқару академиясынан магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын білім саласында ұстаздық етуден бастаған. 1999-2004 жылдары Қызылқоға ауданындағы Х.Досмұхамедов атындағы орта мектептің мұғалімі болған. 2004-2005 жылдары Қызылқоға аудандық білім беру бөлімінде, 2005-2008 жылдары аралығында Қызылқоға ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр және мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген.

Ал, 2008-2011 жылдары Қызылқоға ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінде бөлім меңгерушісі, 2011-2017 жылдары Қызылқоға ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2017-2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған. 2022 жылдан бастап осыі тағайындауға дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

***

Алматы қаласы әкімінің өкімімен Әзиз Қажденбек жастар саясаты басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Әзиз Қажденбек 1993 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2013 жылы бастады. Әр жылдары қаладағы үкіметтік емес ұйымдарда, жоғары оқу орындарында қызмет етті.

Атап айтар болсақ, Халықаралық бизнес университетінің (UIB) Жастар орталығының директоры және М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының тәрбие жұмысы департаментінің директоры қызметін атқарды. Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болды. 2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы Жастар саясаты басқарма басшысының орынбасары болды.

***

Маңғыстау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметіне Айдос Хамиев тағайындалды.

А. Хамиев Маңғыстау облысы Ақтау қаласында дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «Өнеркәсіп, азаматтық құрылыс және қала шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Ақтау қаласында құрылыс учаскесінің мастері, жұмыс ұйымдастырушысы болып бастаған.

2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде, ведомстваның Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола облыстарындағы аумақтық органдарында жұмыс істеген.

2015 жылдан бастап Ақмола және Маңғыстау облыстарының, Астана және Ақтөбе қалаларының жергілікті атқарушы органдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

Осы уақытқа дейін «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институтында консультант болып қызмет атқарды.

***

Ұлан Бүркітов «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының геологиялық барлау және перспективалық жобалар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ұ. Отаралыұлы Қ.Сәтбаева атындағы ҚазҰТУ түлегі және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы Империал колледжінің мұнай-газ инженерия ғылымдары магистрі.

Оның мұнай мен газды барлау және игеру, активтер мен капитал жобаларын басқару және цифрлық трансформация саласында 20 жылдық халықаралық тәжірибесі бар.

Соңғы 12 жыл ішінде ол Гронинген және жерасты газ қоймалары (Нидерланды), Қарашығанақ және Қашаған жобаларында жұмыс істеп, Shell компаниясында әртүрлі лауазымдарды атқарды.

Ұлан Отаралыұлы жаңа қызметінде геологиялық барлау және ресурстық базаны кеңейту, перспективалық жобаларды жүзеге асыру және цифрландыруға жауапты болады.

***

Осы аптада Қазақстан Бокс федерациясы Қайрат Сәтжановтың бокстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қайрат Тұрсұнқанұлы Сатжанов — 54 жаста, Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт үздігі. Бапкерлік еңбек өтілі — 34 жыл.

2021-2022 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. 2024 жылдан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері. Қ.Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында (Сербия) II командалық орын (2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль) алды. 2022 жылы Азия чемпионатында (Иордания) ІІ командалық орын (3 алтын, 6 күміс, 3 қола) еншілеген.

2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан командасы I командалық орын (5 алтын, 1 күміс, 3 қола) алды. Қайрат Сәтжанов жаттықтырушы ретінде 7 әлем чемпионын, 43 Азия чемпионын дайындаған.

Соңғы жаңалықтар