Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Апта басында Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен қала әкімі аппаратының басшысы қызметіне Ерлан Исабеков тағайындалды.
Ерлан Шойұлы Исабеков әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Болашақ» бағдарламасымен Джорджтаун университетін (АҚШ) бітірген. Қолданбалы математика және экономика мамандықтары бойынша магистр дәрежесі бар.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы № 131 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
2000-2002 жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінде қызмет атқарды. 2002-2008 жылдары Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде жұмыс істеді.
2008-2009 жылдары Премьер-Министрдің кенсесінде қызмет атқарды.
2009-2015 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде басшылық лауазымдарда қызмет етті.
2015-2018 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.
2018-2023 жылдары Ақмола облысы Егіндікөл ауданының және Жетісу облысы Қаратал ауданының әкімі болды.
Осы тағайындауға дейін Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеген.
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Виктория Вильгельмовна Шегай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды.
1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiн, Мирас университетін, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласы «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» ЖАҚ есеп айырысу операциялары бөлімінің жетекші маманы болып бастады.
2004–2017 жылдары «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» ЖАҚ, «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «БЖЗҚ» АҚ-да жетекші маманнан департамент директорына дейін түрлі лауазымды қызмет атқарды.
2017–2018 жылдары — «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ штаттан тыс қызметкері.
2018–2022 жылдары — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің басқарма басшысы, директоры.
2022–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК-ның аға ғылыми қызметкері, реттеу саясаты секторының басшысы.
2023 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры қызметін атқарды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Нұрлан Алдамжаров Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі болып тағайындалды.
Нұрлан Жанұзақұлы 1975 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген.
Ташкент инженерлік ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау институтын бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы «Ташоблмелиоводстрой» трестінің №5 механикаландырылған өндірістік колоннасының 4 разрядты монтаждаушы, шебері болып бастаған.
2002 – 2008 жылдары Ташкент және Шымкент қалаларының коммуналдық кәсіпорындарында түрлі қызмет атқарған.
2008 – 2012 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы су ресурстарын реттеу және қорғау бөлімінің жетекші маманының міндетін атқарушы, жетекші маманы, бас маманы.
2012 – 2014 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Ауыз сумен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, басшысы, басқарма басшысының орынбасары.
2015 жылы ОҚО ТКШ және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы болып тағайындалды.
2015 – 2016 жылдары — «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары, Партиялық бақылау қызметінің басшысы.
2016 жылы ҚР АШМ Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК-ның гидротехникалық құрылыс бөлімінің жетекші маманы болды.
2016 – 2018 жылдары — ҚР АШМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары.
2018 – 2020 жылдары — Жамбыл облысы әкімдігі Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы.
2020 – 2023 жылдары — ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы.
2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі қызметін атқарды.
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.
1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, «Нұр» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.
2000 – 2014 жылдары банк саласында жұмыс істеді.
2014 жылы — ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитеті бас сарапшысының міндетін атқарушы.
2014 – 2021 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры.
2021 – 2022 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінде сектор меңгерушісі.
2022 – 2023 жылдары — ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің, ҚР Үкіметі Аппараты экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
2023 – 2024 жылдары — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы.
2024 – 2025 жылдары — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
Журналистика саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар Уәли Қыдыр «Turkistan Media Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болып тағайындалды.
Уәли Қыдыр 1975 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын «Заң» басылымдарында редактор болып бастады. 2001 жылы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінде жұмыс істеді. 2002–2009 жылдары республикалық «Заң» газетінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарды. Бұдан кейін «Нұр-Астана» газетінің Алматыдағы бөлімін басқарды, сондай-ақ «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары болды.
2012 жылы – «Қазақ радиосы» директорының орынбасары, 2013 жылы – «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры қызметін атқарды. Ал 2024 жылдан бері «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры лауазымында болды.
Айта кетейік, осыған дейін «Turkistan Media Holding» ЖШС-не жетекшілік еткен Жанахмет Ағыбаев өз өтініші бойынша қызметінен босатылды.
«Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып Бекежан Жакеев тағайындалды.
Бекежан Искандарұлы Жакеев «Әділет» Жоғары құқық мектебі жанындағы Заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Астана қаласындағы Еуразиялық гуманитарлық институтты «Экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Бұған дейін ол «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Герман Нұрбаев ТМД Экономикалық сотының төрағасы болып сайланды.
Айта кетейік, Экономикалық сот – ТМД-ның жарғылық органы, өз қызметін ad hoc форматында нақты істерді қарау бойынша жүзеге асыратын тұрақты жұмыс істейтін халықаралық сот органы.
Сот ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өздерінің экономикалық міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге шақырылған және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы дауларды қарау және Достастықтың халықаралық құқықтық актілерін түсіндіру құзыретіне ие.
Соттың орналасқан орны - Минск қаласы, Беларусь Республикасы.
Павлодарлық «Ертіс» футбол командасын енді Ринат Алюетов жаттықтырады.
35 жастағы маман Қазақстан Премьер-лигасында «Жетісу», «Жеңіс» және «Тұран» клубтарын жаттықтырған.
2023 жылы Бірінші лигада «Елімайдың» бас бапкері Самат Смақовтың көмекшісі болды. Сол жылы семейлік команда топ жарып, жоғарғы дивизионға жолдама алды.
Сонымен қатар Өскемендегі «Алтай» футбол орталығында, «Жетісу» жастар құрамасында және 16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырып, жас футболшылармен жұмыс істеді.
Ол бұған дейін 2024 жылдың желтоқсан айында «Каспий» футбол командасының бас бапкері болып тағайындалған. Бірақ 2025 жылдың қаңтар айында ақтаулық клубпен ресми бір ойын өткізбестен қош айтысты.
Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының кезектен тыс конференциясы барысында ұйымның бас хатшысы қызметіне жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин тағайындалды.
Сергей Дроздовтың бас хатшы ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәлімдемесінен кейін конференция қатысушылары Баландиннің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
- Дмитрий Баландиннің тағайындалуы – оның спорттағы орасан зор жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар федерацияны жаңғырту мен институционалдық тұрғыдан нығайтудың маңызды қадамы. Біз оның кәсібилігі мен беделі еліміздегі су спорты түрлерінің дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз, – деді Федерация президенті Нұрлан Жақыпов.
Дмитрий Баландин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Азия ойындары мен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2021 жылдан бастап ол жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасында жаттықтырушы және кеңесші ретінде белсенді жұмыс істеп келеді.