Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.  Апта басында шоумен Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің креативті индустрияны дамыту бағыты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. 

Нұрлан Қоянбаев 1979 жылдың 19 шілдесінде Қызылорда облысында дүниеге келген.

1996-2000 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде білім алған.

2009-2011 жылдары экономика және құқық академиясында қаржы және несие факультетінде оқыды.

2012-2015 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистратураны бітірді.

Бұған дейін ол ҚР Президенті Телерадиокешенінің креативті директоры, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас продюсері қызметін атқарған. 

Ал, Азамат Қалдыбеков Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 

Азамат Қалдыбеков 1984 жылы 11 қазанда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген, Болашақ бағдарламасы бойынша Дьюк университетінде (Солтүстік Каролина, АҚШ) құқық магистрі дәрежесін алған, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде философия докторы (Phd) ғылыми дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 аудандық сотының жетекші маманы қызметінен бастаған.

Әр жылдары ҚР Ұлттық банкі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ құрылымдарында жұмыс істеді.

2018 жылы Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы болды. 2018 жылдың шілдесінен 2019 жылдың наурызына дейін Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. 

2019 жылдың наурыз-қазан аралығында Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары болып еңбек етті. 2020 жылдың қаңтарына дейін Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары болды.

2019 жылы Бірінші президенттік жастар кадрлық резервіне енді.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі қызметінде болды.

Жасұлан Сәрсебаев Абай облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Ол 1986 жылы Семей облысының Аягөз қаласында дүниеге келген.

Мемлекеттік қызметте еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы саяси партиялар мен діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бас маманынан бастап, Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, жастар саясаты мәселелері, туризм және сыртқы байланыстар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, ішкі саясат басқармаларының басшысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет атқарған.

Абай облысы құрылғаннан бастап Абай облысы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісуімен 2024 жылдың 3 шілдесінен Абай облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Айнагүл Сұрағанова білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. 

Айнагүл Сұрағанова 1974 жылы туған. 1999 жылы М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін бітірген, 2003 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін, 2016 жылы Ресейдің Омбы мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдады.

1993-1996 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының Аралағаш орта мектебінің бастауыш сыныптардағы мұғалімі;

1996-1997 жылдары - Петропавл қаласындағы № 1 кәсіби-техникалық мектебінің қазақ тілі оқытушысы; 

1999-2004 жылдар аралығында Аққайың ауданы, Рублевка орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі, директордың орынбасары болып еңбек етті. 

2004-2006 жылдары - СҚО Білім басқармасының орта білімді үйлестіру және дамыту бөлімінің бас маманы;

2006-2012 жылдары - Петропавлдағы Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары; 

2012-2017 жылдары - Петропавлдағы №23 орта мектеп директоры;

2017-2019 жылдары - Петропавл қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысы;

2019-2022 жылдары СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болды.

2022 жылдың 1 қарашасынан осы тағайындауға дейін Қостанай облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болып еңбек етті.

Ербол Нұрғалиев ШҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 

Ербол Жолдасбекұлы 1975 жылы 10 ақпанда Абай облысы Жарма ауданы Михайловка ауылында дүниеге келген.

2000 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заңгерлік университетін, 2018 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында Чапаев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастады.

2002 жылы ШҚО Жарма ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі лауазымында болды.

2011 жылғы сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2015-2017 жылдары Ақтөбе облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы болды.

2017-2018 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2018 жылдың қараша айында ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болып тағайындалды. 

2019-2022 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы лауазымын атқарды.

2022-2023 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары болды.

2023 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін ШҚО әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарған. 

Кеңес Орақов Маңғыстау атом энергетика комбинатына басшы болып тағайындалды. 

Кеңес Орақов еңбек жолын 1989 жылы Қостанай облысының Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі» ААҚ-да экскаватор машинисінің көмекшісі болып бастап, одан әрі экономист, жоспарлау-экономика бөлімі бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Сондай-ақ Рудный, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Ақтау қалаларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылық лауазымдарында болды.

2010 жылдан бастап «ҚазАзот» АҚ бас директоры қызметін атқарды.

2019 жылы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директоры болып тағайындалды. 

Есімі елге белгілі футболшы Нұрбол Жұмасқалиев «Тобыл» клубының бас бапкері болып тағайындалды. 

Нұрбол Жәрдемұлы батыс футбол мектебінің түлегі болғанымен Қостанай халқына ежелден жат адам емес. «Тобыл» сапындағы алғашқы матчын сонау 2000 жылы өткізді. «Тобыл» жейдесінде 500-ден астам матчқа қатысты.

Осыған дейін бас бапкер болған сербиялық маман Милич Чурчич биылғы 10 маусымда қызметінен кеткен еді. Содан бері Н.Жұмасқалиев бас бапкер міндетін атқарып келді.

Соңғы турда Ақтөбеде басты қарсыластарының бірін 4:3 есебімен тізе бүктірген қостанайлық клуб 19 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында келеді.

Соңғы жаңалықтар