Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
1 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалды.
Смайылов Әлихан Асханұлы 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.
1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.
1999–2003 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.
2003–2006 жылдары — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.
2006–2009 жылдары — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті.
2009–2014 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.
2014–2015 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.
2015–2018 жылдары — ҚР Президентінің көмекшісі.
2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі.
2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары –
Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.
2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.
2024 жылдың ақпанында Президент Үкіметті отставкаға жіберді.
Апта басында Ербол Оспанов ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ербол Оспанов 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 2002 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы «Қазтеміржолкөлікжобалау» АҚ-да инженер болып бастады.
«Қазақстан темір жол көлігінің ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жоба жетекшісі, «Қаржы жүйесін ақпараттандыру орталығы» АҚ-да жетекші инженер-жобалаушысы болып қызмет атқарды.
Әр жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
Дүйсенбіде ҚР бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров KazEnergy
директоры болып тағайындалды.
Әлібек Қуантыров 1983 жылы Атырау қаласында туған.
Томск мемлекеттік университетін, Мичиган университетін бітірген, қолданбалы экономика магистрі.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маманның міндетін атқарушы болып бастады.
2005-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2010-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті директорының орынбасары болды.
2013 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
2013-2019 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарды.
2019-2021 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, 2022-2024 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған.
Аптаның алғашқы күні Әбілқайыр Оңғар Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына басшы болды.
Әбілқайыр Бақытқалиұлы 1994 жылы 25 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылында дүниеге келген.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және КАЗГЮУ университетінің түлегі.
Мамандығы бойынша біліктілігі — экономика және бизнес, құқықтану.
Еңбек жолын 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы қызметінен бастады.
2016-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы, 2018-2023 жылдары Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің аппараты халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы қызметтерін атқарды.
2023 жылдың 13 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
2 сәуір күні Абзал Досжанов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болды.
Абзал Досжанов Атырау қаласында туған. Еңбек жолын 2006 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғылардың операторы болып бастаған. Кейін зауытта гидрогенизациялық процестер ауысымының бастығы болған.
«Францияның мұнай институтында (IFP School) біліктілігін арттырғаннан кейін ол Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жұмысын кәсіпорынды жаңғырту жобасын сүйемелдеу тобының технология бойынша бас маманы қызметінде жалғастырды. 2010 жылдан KMG International компаниясында Петромидия зауытының процестерін жақсарту жөніндегі менеджері, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, Rompetrol Petrochemicals бас директорының бірінші орынбасары, Rompetrol Rafinare операциялық директоры, Rominserv және Rompetrol Well Services компанияларының басшысы, Rompetrol Rafinare мұнай өңдеу зауытында бас директордың бірінші орынбасары — бас инженер лауазымдарында еңбек етті», — деп «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі.
2023 жылдан осы кезге дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаменті мұнай өңдеу басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Сейсенбі күні Жамбыл облысының құрылыс басқармасына жаңа басшы тағайындалды.
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Орумбаев Ерлан Құрмантайұлы Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Орумбаев Ерлан Құрмантайұлы 1978 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында туған, білімі жоғары. Жоғары оқу орнын «инженер-механик», «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Қордай ауданы әкімінің жастар ісі, спорт және туризм басқармасында бас маман болып бастаған.
Әр жылдары Қордай ауданы әкімінің жастар ісі, спорт және туризм басқармасының бастығы, Қордай ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы, Қордай аудандық спорт бөлімінің меңгерушісі, Қордай аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Қордай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Romaks KZ» ЖШС логистика бөлімінің маманы, бөлім басшысы, Қордай ауданы әкімі аппаратының бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы, Қордай ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы, «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-нің бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Қордай аудандық мәслихатының IV шақырылымындағы депутаты.
2023 жылғы мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-нің бас директоры лауазымында қызмет атқарып келді.
3 сәуірде Айгүл Жамалова Халықаралық журналистика мектебінің деканы болды.
Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің деканы лауазымына Айгүл Жамалова тағайындалды.
Maqsut Narikbayev University — халықаралық білім деңгейін ұсынатын еліміздің университеттері арасында көшбасшы білім ордасы. Университет командасына халықаралық журналистика магистрі Айгүл Жамалова қосылды.
Айгүл Жамалова — медиа салада 15 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби журналист және медиаменеджер. Ол беделді «Болашақ» стипендиясы арқылы Ұлыбританияның Лидс университетінің Халықаралық журналистика магистрі дәрежесіне ие болды. Ал 2021 жылдан бастап MNU-де лектор қызметін атқарады.
Maqsut Narikbayev University командасына қосылғанға дейін Айгүл Жамалова «Жетінші арна», «Atameken Business» сияқты Қазақстанның жетекші медиакомпанияларында басшылық қызметтерін атқарды. Оның digital-стратегияларын әзірлеу және іске асыру, интернет-маркетинг, интернеттегі жеке және корпоративтік брендті жылжыту, сондай-ақ үш тілде эксклюзивті сұхбаттар жүргізу және мәтін жазу саласында мол тәжірибесі бар.
Өз қызмет жолында Айгүл Жамалова «Астана» халықаралық қаржы орталығында корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директор лауазымын атқарды, онда брендтің жаңартылған digital-стратегиясын іске асырумен және ішкі коммуникацияларды құрумен айналысты.
Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйек айында Maqsut Narikbayev University-де ҚР Президент Телерадиокешенінің қолдауымен Қазақстандағы алғашқы Халықаралық журналистика мектебінің салтанатты ашылуы өткен.
Сәрсенбіде Ермек Исабаев Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды.
Ермек Ережепұлы 1985 жылы 17 сәуір күні Абай облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген.
2003-2006 жылдары Семей көпсалалы колледжі, 2011-2014 жылдары Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің (Alikhan Bokeikhan University) «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2008 жылы «Байуақов ТВК-6» телеарнасында бастап, әр жылдары «Семей таңы» газеті, «Semei» телеарнасы, «Amanat» партиясының Семей қалалық сайлауалды штабында жұмыс істеді.
2017 жылдың қараша айынан 2024 жылдың сәуіріне дейін Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.
Қазақстан Журналистер Одағы мен Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
4 сәуірде Қазақстанның бокстан жастар мен жасөспірімдер құрамасының бапкерлері ауысты.
ҚР Бокс федерациясы мәлім еткендей, Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері қызметіне Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Ол бұл міндетті атқарған Әділ Басығараевты алмастырды.
Қайрат Сәтжанов еңбек жолында жасөспірімдер командасынан бөлек, бас құраманы да жаттықтарған. Оның жетекшілігімен қазақстандық боксшылар Сербияда өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған болатын.
Қыздар командасында да бапкерлер ауысты. Қыздар арасындағы жастар құрамасына Жангелді Ахметов аға бапкер болып тағайындалды.
Сонымен қатар бокстан Қазақстан жасөспірім ұлдар командасына Мақсат Оспанов, жасөспірім қыздар командасына Айбек Әбілдә жетекшілік етеді.
6 сәуір күні Абай облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасына жаңа басшы келді.
Ерсін Кәдірбекұлы 1985 жылы 28 желтоқсанда дүниеге келген.
2009 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «экономика», 2020 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ШҚО Тарбағатай аудандық аумақтық инспекциясының кадр маманы ретінде бастады.
2012 жылы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маман-заңгері болды.
2012-2014 Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы қызметін атқарған.
2015-2020 жылдары Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеген.
2020-2021 жылдары Тарбағатай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
Осыған дейін Абай облысы Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.