Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан аптада жергілікті әкімдіктер, министрліктер деңгейінде және спорт салсында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Айтқазы Дәулетқұлұлы Қарабалаев Жамбыл облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы — бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып тағайындалды.

Айтқазы Дәулетқұлұлы 1966 жылы туған, білімі жоғары.

1999 Талдықорған сыртқы заң институтын «Құқықтану», 1998 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және несие», 2008 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құрылыс», 2014 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» (магистр) мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Алматы қаласындағы № 54 Тұрғын үй пайдалану басқармасының инженер-технигі болып бастаған. Әр жылдары «Хаир Ихсан» қайырымдылық қоғамының меңгерушісі, директор орынбасары, «Тигро Хауд» сауда-өндірістік қауымдастығы бөлімінің меңгерушісі, директор орынбасары, Тараз қалалық сауда, шағын және орта бизнес басқармасының бастығы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары, Жамбыл облыстық жергілікті бюджеттерге алымдар және жекелеген салық төлемдерін жинау агенттігінің директоры, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Жуалы ауданының әкімі, «Оңтүстік» ӘКК» АҚ ҰК» өкілдігінің Жамбыл облысындағы директоры, Талас ауданының әкімі, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жамбыл облыстық өндірістік филиалы директорының кеңесшісі, «ҚазТрансГаз Аймақ» Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ Тараз қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы-бас мемлекеттік құрылыс инспекторы лауазымында еңбек етті.

2022 жылғы қазан айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

Павлодар облысында үш басқарманың басшысы тағайындалды. Атап айтсақ, Павлодар облысы әкімінің өкімімен Асылтас Тілеубаев - ветеринария басқармасының басшысы, Людмила Құрманова - индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, Талғат Дұғалов кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Асылтас Абылайұлы 1988 жылы туған. «Ветеринариялық санитария» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2008 жылы бастаған, 2011 жылы Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылдық округі аппаратының бас маманы ретінде жұмыс жасады.

2012-2015 жылдары Павлодар қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман болып, содан кейін қалалық ветеринария бөлімі басшының орынбасары қызметін атқарды.

2020-2022 жылдары Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар және лицензиялау бөлімін, ветеринария және лицензиялау бөлімін басқарды.

2022 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Людмила Рашидовна 1981 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2002 жылы Алматы Экономика және статистика институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, ал 2006 жылы Инновациялық Еуразия университетінің магистратурасын бітірген.

Өзінің кәсіби қызметін 2002 жылы Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бастады, онда 2021 жылға дейін бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

2021 жылы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді, сондай-ақ «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды. 2021 жылдың тамызынан 2024 жылға дейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін өңірдің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.

Талғат Әнуарбекұлы - өңірлік кадр резервінің мүшесі. Ол 1989 жылы дүниеге келген, «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Құқықтану» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2011 жылы Ақсу қаласы әкімі аппаратының инспекторы болып бастаған.

2014-2019 жылдары Павлодар облысының құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жұмыс істеді, Ақсу қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімін, Железин ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімін басқарды, Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары болды.

2019 жылдан 2023 жылға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы және басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментін енді Бақдәулет Махмуд басқарады.

Бақдәулет Махмуд 1980 жылы Қызылорда облысында туған, екі жоғары білімі бар, 2001 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2004 жылы Орталық Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы қаржы полициясы органдарында бастады. Әр түрлі лауазымдарда, соның ішінде басшылық қызметтерде болды.

2014-2015 жылдар аралығында Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер органдарында жұмыс істеді.

2016 жылдан бастап Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде жұмыс істейді.

Осы қызметке тағайындалғанға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, құқық қорғау органдарының ведомстволық наградаларымен марапатталған.

Жандос Шаймарданов Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.

Ол 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Йорк университетін (Ұлыбритания), IE университетін (Испания) бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Экономика және жоспарлау министрлігінде бас сарапшы қызметінен бастаған.

2010–2013 жылдары — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ менеджері.

2013–2014 жылдары — ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттің міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты басқармасының бас сарапшысы.

2014–2016 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры.

2016–2019 жылдары — Департамент директоры, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарушы директоры.

2019–2020 жылдары — «QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасы.

2020–2022 жылдары — ҚР Ұлттық банкі Ақша-несие саясаты департаментінің директоры.

2022–2023 жылдары — ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы.

2023–2025 жылдары — ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы.

Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Әнуар Хатиев ведомствоның Дін істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Әнуар Нұрманұлы 1982 жылы Алматыда дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, Д.Қонаев атындағы университетті, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласы бойынша Жер ресурстары және жерге орналастыру жөніндегі еншілес мемлекеттік кәсіпорыны Заң бөлімінің маманы болып бастаған.

2005–2007 жылдары – Түзету мекемелерінде заңдылықты қадағалау бойынша Көкшетау қаласы прокурорының көмекшісі.

2007–2008 жылдар аралығында ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бақылау және реттеу комитетінің Талап қою бөлімінің құрылымында түрлі қызмет атқарған.

2007–2014 жылдар аралығында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің құрылымында түрлі қызметтерде жұмыс істеген.

2015–2016 жылдары – ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.

2016–2019 жылдары – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаментінің директоры, «Электрондық үкіметті» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаментінің директоры.

2019–2023 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары.

2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Абай облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып Айбек Рахымбеков тағайындалды.

Айбек Смағұлұлы 1990 жылы 23 желтоқсанда Астана қаласында дүниеге келген.

2012 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Аймақтану» мамандығы, 2015 жылы Қазақ инженерлік-техникалық академиясын «Экономика» мамандығы, 2020 жылы Оңтүстік Калифорния университетін «Халықаралық мемлекеттік саясат және басқару» мамандығы бойынша бітірген.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі.

Еңбек жолын 2014 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті халықаралық ұйымдар басқармасының сарапшысы лауазымынан бастаған.

Әр жылдары Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларды тексеру департаменті темір жол және су көліктеріндегі оқиғаларды тексеру басқармасының бас сарапшысы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Өнеркәсіптік саясат департаменті өңдеуші өнеркәсіпті дамыту басқармасының басшысы болып еңбек етті.

Тағайындалғанға дейін Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болған.

«Ақтөбе» футбол клубына бас бапкер тағайындалды. Аталған қызметке беларусьтік Вячеслав Левчук келді. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Ол осы уақытқа дейін бас бапкердің міндетін атқарып келген еді. Беларусь маманы енді толыққанды бапкерлік міндетке тағайындалды.

Айта кетсек, аталған маманның жетекшілігімен команда соңғы үш кездесудің үшеуін де жеңіспен аяқтаған еді.

Вячеслав Левчук 1971 жылы дүниеге келген. 1987-2000 жылдар аралығында беларусьтік командалар сапында қорғаушы шебінде доп тепті.

2001 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысып келеді. Қазірге дейін Беларусь, Молдова, Украина, Ресей, Қырғызстан клубтарында қызмет атқарды.

Еске салсақ, сәуір айында биылғы маусымдағы сәтсіз ойындары үшін «Ақтөбе» командасының бас бапкері Игорь Леонов қызметінен кетті.

Осыған дейін Жандос Шаймардановтың Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар