Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 15-21 шілде аралығында болған тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне Ержан Шәкірұлы Нұрлыбаев тағайындалды.
Ержан Нұрлыбаев 1975 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды №1 қалалық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған.
2004-2006 жылдары Е. Нұрлыбаев аталған медициналық мекеме директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Әр жылдары Қарағанды облысының бас хирургі болып қызмет істеді, Х.Ж. Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығын басқарды. 2014-2021 жылдары — Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2021 жылдан бастап «ҚМУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, қазіргі уақытқа дейін Қарағанды облыстық клиникалық аурухананың директоры болып жұмыс істеді.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы қызметіне Ғиззат Сейдахметұлы Байтұрсынов тағайындалды.
Ғиззат Байтұрсынов Малайзияның Азия-Тынық мұхиты технологиялар және инновациялар университетін және Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын бітірген. Кәсіби мансабын жеке компанияда бағдарламашы болып бастаған.
2019 жылы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Электрондық индустрияны дамыту департаментінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысты. 2020-2023 жылдар аралығында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Электроника өнеркәсібін және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы, басқарма директоры және директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ICRIAP электронды индустрияны және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры болды.
Өңірлер бойынша, Ақтау қаласының әкімі қызметіне Байпақов Әбілқайыр Жаңайұлы тағайындалды.
Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Осы жылдар ішінде облыстың мемлекеттік органдарында, оның ішінде Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы мен мәдениет басқармасында, Ақтау қаласы, Түпқараған және Қарақия аудандары әкімі аппаратында, облыс әкімі аппаратында басшы, Баянды ауылының әкімі, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ директоры, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болды.
Жетісу облысы әкімінің өкімімен Диас Рахметұлы Есдәулетов Жетісу облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Диас Рахметұлы Есдәулетов 1987 жылы Талдықорған қаласында туған. Жоғары білімді. Шанхай Джао Тонг университетін ақпараттық технологиялар және телекоммуникация жүйелері мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Еңбек жолын Астана қаласында «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-ның техникалық сұрақтар бойынша бас сарапшысы болып бастады.
Әр жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электрондық қызметтерді ілгерілету департаментінің менеджері, «Қазконтент» АҚ-да ақпараттық-талдау орталығының ақпараттық жобалар мониторингі жөніндегі маманы, орталық басшысы, жобаларды басқару департаментінің директоры, «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының басшысы, медиа жобалар бойынша басқарушы директор, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ ақпараттық жоспарлау қызметінің басшысы, медиа жоспарлау және өңірлердегі жұмыс басқармасының басшысы болған.
ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің Ақпарат комитеті Қоғаммен байланыс орнату және мемлекеттік органдармен үйлестіру басқармасының басшысы, ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің бас сарапшысы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының жедел ақпарат секторының меңгерушісі, орталық меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президентінің Әкімшілігі Талдау және болжау орталығы меңгерушісінің орынбасары, Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. 2022 жылдың наурызынан ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары болды.
Павлодар облысы әкімінің инвестициялар және бизнесті дамыту бойынша орынбасары лауазымына Қабылтаева Әйгерім Жаңбыртайқызы тағайындалды.
Әйгерім Жанбыртайқызы 1984 жылы туған. «Бакалавр-химия» мамандығы бойынша жоғары білімі және экология магистрі дәрежесі бар. Еңбек жолын 2007 жылы Павлодар облысының қоршаған ортаны қорғау басқармасының жетекші маманы болып бастап, кейін облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары департаментінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2021 жылдан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы болып еңбек етті.
Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы болып Асқар Ажмұрат тағайындалды.
Асқар Қадырұлы 1976 жылы туған, жоғары техникалық білімі бар.1999 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Инженер-құрылысшы-технолог» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1999 жылы Павлодар фармацевтикалық зауытында жабдықтау бойынша менеджер болып бастаған. Одан кейін 2001-2002 жылдар аралығында мемлекеттік емес құрылымдарда еңбек етті. 2002 жылдан 2024 жылға дейін Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының құрылыс бөлімінің басшысы болып қызмет етті.
Сондай-ақ, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы болып Сағын Төлеутаев тағайындалды.
Сағын Сайранұлы 1988 жылы туған, жоғары білімді. 2010 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Экология» мамандығы бойынша аяқтаған, жаратылыстану ғылымдарының магистрі дәрежесі бар. 2012-2016 жылдары С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Биология және экология» кафедрасында оқытушы болды.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2016 жылы Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жер қойнауын пайдалану бөлімінің бас маманы болып бастады, одан кейін 2019-2021 жылдары осы басқарманың жер қойнауын пайдалану бөлімінің басшысы болып еңбек етті. 2021 жылғы желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін «Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы» ММ басшысының орынбасары қызметін атқарды.