Елімізде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін форум биыл қараша айына жоспарланған, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Президент өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті.
Сөз арасында Мемлекет басшысы биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтетінін айтты.
— Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелері қарастырылады, — деді Президент Тоқаев.
Еске салсақ, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысқанын жазған едік. Президентке биыл өңірдегі егіс алқабының көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион гектарға жеткені баяндалды.