Ауыл шаруашылығы техникасы 76%, теміржол техникасы 55% тозған
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы бойынша техниканың тозу деңгейі 76%-ға жетті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты.
Премьердің айтуынша, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқыны іс жүзінде 5%-ға жеткен, ал норма 6-8% болуға тиіс.
«Биыл біз қолдау шараларын тек отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға ғана қайта бағыттадық. Импорттық аналогтарды субсидиялау алынып тасталды. Сондай-ақ, техника лизингінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау кезінде отандық техника үшін айтарлықтай төмен – сараланған тәсіл көзделді. Осы шаралардың барлығы локализациялауды тереңдетуге, шығарылатын техника номенклатурасын кеңейтуге және отандық техника паркін жаңартуды жеделдетуге ықпал етеді», - деді О. Бектенов.
Теміржол машинасын жасау секторының да даму әлеуеті өте жоғары. Қазіргі таңда аталған салада техниканың тозу деңгейі 55%-ды құрап отыр.
«Бұған дейін қолжетімді лизингтік қаржыландыру тетігі іске қосылған болатын. Соның арқасында биыл секторда өндіріс көлемі 1,5 есеге өсті. Бірақ, бұл әлі де жеткіліксіз. Тасымалдаушылардың қажеттіліктері толық көлемде және бірінші кезекте отандық техниканың есебінен қамтамасыз етілуге тиіс. Сондықтан жұмыс қарқынын арттырып, дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосу қажет», - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, 9 айда елде 5 мыңнан астам трактор мен комбайн құрастырылған.
Сондай-ақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында 2025 жылы Астана қаласында «Штадлер» жолаушылар вагондары құрастырылатыны туралы айтты.