Елімізде балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау мақсатында зерттеу жүргізіліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросы 29 қарашаға дейін 24 мың пәтер-үйді аралап, сауалнама жүргізбек. Мақсат – елімізде балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажет негізгі көрсеткіштерді жинау.

Ұлттық статистика бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қажетті ақпаратты жинау үшін ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) қолданылады.
«Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген. Алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштерді белгілеуге, мақсатты анықтауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді.
Биыл басымдық әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алуға негізделген. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады», - дейді департамент басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.
Зерттеу 2 қыркүйек басталды. СҚО-да қала-ауылдан 1500-ден астам үй шаруашылығы қамтылады. Сауалнаманы интервьюерлер жүргізеді, олар - ұлттық статистика бюросы департаменттің қызметкерлері.
«Интервьюерлердің арнайы логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі. MICS аясында бес негізгі сауалнама парағы болады, олар: үй шаруашылығының сауалнамасы; әйелдерге арналған сауалнама; ерлерге арналған сауалнама; бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама және бес жастан он жеті жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама.
Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік органмен келісілген.
Мысалы, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада жұмыспен қамту және оқыту, неке, психикалық денсаулық мәселелері қамтылған. Әйелдерге арналған сауалнамада босану және босанғаннан кейінгі көмек туралы қосымша сұрақтар бар», - дейді Жұлдыз Нұрғалиева.
Маманның айтуынша, сауалнамаға қатысу ерікті, алынған ақпарат анонимді сақталып, тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылмақ.
«Интревьюерлеріміз баратын үйлерді осы зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырамыз. Респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тарта алады немесе кез келген уақытта сұхбатты тоқтата алады», - дейді департамен басшысының орынбасары.
MICS іске қосылған 1996 жылдан бері 118 елде осындай зерттеу жүргізілген.
Бұған дейін отандық жоғары оқу орындарына тәуелсіз бағалау жүргізілетіндігін жазған едік.