Заң жобасы: байланыс операторлары көпқабатты үйлерге стансаны еркін орната алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда байланыс операторларына көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларына базалық стансаны орнатуға тұрғындардың келісімінсіз рұқсат берілуі мүмкін.

Связь, интернет, вышка
Фото: freepik.com

Аталған жаңашылдық Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген заң жобасында қарастырылған. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 4 маусымға дейін қоғам талқылауына ұсынылды. 

Жобаға сәйкес, егер байланыс операторында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болса, көпқабатты тұрғын үй және ғимараттардың меншік иелері телекоммуникациялық жабдықты орнатудан бас тарта алмайды.

— Кондоминиум нысандарының, ғимараттардың, құрылыстардың, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне немесе олардың уәкілетті өкілдеріне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда телекоммуникациялық жабдықты орнатудан бас тартуға тыйым салынады, — делінген құжатта.

Сонымен қатар тұрғындар байланыс сапасын қамтамасыз ету үшін шатыр мен өзге де алаңдарға байланыс операторларына тең дәрежеде рұқсат беруге міндетті.

Заң бойынша оператор алдымен мүлік иелерінің бірлестігі өкіліне, кооператив немесе тұтынушылар кооперативінің төрағасына жүгінеді. Ол 15 жұмыс күні ішінде жабдықты орналастыру шарт жасауы тиіс.

Бұған дейін елімізде базалық станса орнатудың дауға айналып отырғаны туралы жазған едік. Атап айтқанда, заңгерлер қарсы, операторлар қолдап отыр. 

Еске сала кетсек, базалық станса орнатуға үй тұрғындарының 70% келісімі керек.

Соңғы жаңалықтар