Елімізде битум тапшылығы қалай шешілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Жол құрылысына қажет битумды қыста сатып алу керек. Бұл туралы Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында сенатор Әлібек Нәутиев мәлім етті.

- Жол-құрылыс материалдарының жетіспеушілігі мен автомобиль жолдарының сапасына әсер ететіні белгілі. Ең алдымен, битуммен қамтамасыз ету мәселесі бар. Битум нарығы сұраныстың маусымдық өзгеруімен сипатталады, яғни қыста тұтыну азаяды, жазда сұраныс күрт артып, айына 150 мың тоннаға жетеді. Ал жұмыс істеп тұрған битум зауыттарының жиынтық қуаты айына шамамен 100 мың тоннадан аспайды. Соның салдарынан жаз айларында көлем тапшылығы байқалады. Сұраныстың өсуімен қатар, битум бағасының өсуі байқалады. Бұл мәселені өңірлер үнемі көтеріп отырады, - деді Ә.Нәутиев.
Оның айтуынша, сұраныс төмен және өнімнің бағасы айтарлықтай төмен болған кезде, яғни қыста битум сатып алу керек. Сұраныстың маусымдық ауытқуына жол бермес үшін битум қоймаларын салу қажеттілігі де бар.
- Көлік министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы мәселенің оңтайлы шешімін айқындауы қажет деп санаймыз. Жол-құрылыс материалдарының сапасына қатысты мыналарды атап өткім келеді. Асфальтбетон зауыттарына инспекция жүргізген Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мәліметінше, тексерілген 211 зауыттың тек 82-сі ғана сапалы өнім шығаруға шамалары жетеді. Осыған орай, нормативтерге сәйкес келмейтін жол-құрылыс өнімдеріне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажет, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор жергілікті жолдардың сапасына қатысты проблеманы атады.
Еске салсақ, биыл мамыр айының басында Үкімет отырысында Қазақстан неге әлі битум импортынан құтыла алмай отырғаны сөз болды.