Елімізде бюджетті жоспарлауда жасанды интеллект қолданылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Келесі жылы мемлекеттік бюджетті жоспарлау аясында жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр.

Бүгін Үкімет отырысында күнделікті өмірде жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қозғалды. Осы орайда БАҚ өкілдері Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтан бюджетті әзірлеуде жасанды интеллектінің көмегіне жүгіне ме деген сауал қойды.
- Мемлекеттік жоспарлауда жасанды интеллект қолданылмады. Бүгінгі Үкімет отырысында салалық жасанды интеллектінің дамитыны айтылды. Қаржы министрлігі бұл мәселені зерттеп, кірістер мен шығыстарды жоспарлау кезінде деректерді жүктеуді жоспарлап отырмыз, яғни белгілі бір кірістер мен шығыстарды болжау кезінде жасанды интеллектіні пайдалану, - деп жауап берді Әсет Тұрысов.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік жоспарлау саласына жасанды интеллектіні енгізу 2025 жылға жоспарланған.
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп енгізетін боламыз. Бюджетті жоспарлау кезінде, бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде деректерді жылдам жіберу тұрғысында қолданылады. Бұл жұмыс бүгінде қолмен жасалады немесе талдаушылар деңгейінде ғана талқыланады, - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Үкіметтің көшпелі отырысы цифрландыру және жасанды интеллект тақырыбына арналды. Белгілі болғандай, келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект курсынан өтеді.
Сондай-ақ, Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық қызметтің дені халық үшін күрделі екенін айтып, процесті жеңілдетуді жүктеді.
Одан бөлек, Үкімет басшысы нейрондық желілер арқылы төтенше жағдайларды болжап, алдын алу мүмкіндігі туралы айтты.