Елімізде дрон пайдалануды үйрететін 1100 орта мектеп бар
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігінен Kazinform сауалына жолданған жауапта елімізде оқушыларына дрон пайдалануды үйрететін мектептердің санын көрсетіледі.

- Дрондарды пайдалану, әсіресе STEM-білім беру аясында, оқушылардың техникалық ойлау қабілетін, инженерлік дағдыларын дамытуға бағытталған. Бүгінгі күні елімізде мұндай мектептердің саны шамамен 1 100-ге жуық. Бұл мектептерде ол негізінен STEM-зертханалар аясында іске асырылады. Мұндай зертханаларда оқушылар дрондарды құрастыру, бағдарламалау және басқару секілді практикалық дағдыларды меңгереді, - деп жазылған ресми мәліметте.
Жалпы республика бойынша жеткіншектердің техникалық қабілетін ұштауға арналған 24 жас техниктер станциясы мен техникалық шығармашылық орталық бар.
- Қосымша білім беру процесіне дрондарды кіріктіру қаражат талап еткендіктен, бұл мәселе әрбір өңірдің мүмкіндіктеріне және қажеттіліктеріне қарай жоспарланатынын ескертеміз. Сондай-ақ биылғы оқу жылынан бастап еліміздің бірнеше техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында заман талабына сай пайда болған мамандықтардың бірі - дрон операторларын даярлау қолға алынды, - делінген министрлік жауабында.
Ал Қытай өнертапқыштары жасанды зейін көмегімен 10 мың шақырымға дейін еңсеретін Rainbow-9 аппаратын сынақтан сәтті өткізді.