Елімізде электр энергиясы бойынша тапшылық арта ма

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов еліміздегі электр энергиясы бойынша тапшылық туралы сұраққа жауап берді.

электроэнергия электричество электр энергиясы электроқуат
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

- Электр энергиясына қатысты тапшылық 6 млрд кВтс деңгейінде болмайды. Жаңа энергия қуаттарын іске қостық, сондықтан биылғы тапшылық былтырға қарағанда төмендейді деп есептейміз. Негізгі импорт Ресейден келіп жатыр. Ал оңтүстіктегі көрші елдер бере алған жағдайда ғана импортталады. Атап айтқанда, тапшылық көлемі артпайды, - деді С.Есімханов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы ҚР мен РФ-тің біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Құжат аясында Ресей Федерациясынан Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беруге жоспарланған электр энергиясының көлемдерін жыл сайын келісу ескерілген.

Сенатор Сүйіндік Алдашевтің сөзіне қарағанда, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі өндіру көрсеткіштерінен асып түсті. Нақты айтқанда, электр энергиясының өндірісі 117,9 млрд кВтс, бұл ретте тұтыну – 119,9 млрд кВтс құрады. Былтыр Ресейден электр энергиясын импорттау көлемі 3,1 млрд кВтс болды. Уәкілетті органның болжамына сәйкес, 2025 жылы электр энергиясына тапшылық 5,7 млрд кВтс құрайды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 46 пайызға артық.

Соңғы жаңалықтар