Елімізде емханаға тіркелу қағидалары жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі 2025 жылғы 12 мамырдағы бұйрығымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына азаматтарды тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Негізгі қағидаттар
- Отбасылық қызмет көрсету қағидаты;
- Медициналық қызметтердің аумақтық қолжетімділігі;
- Қолжетімділік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау;
- Көрсетілетін көмектің сапасына пациенттердің қанағаттанушылығы;
- Меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдар арасындағы тең құқықтылық пен адал бәсекелестік;
- Науқастардың орналасқан жеріне қарамастан профилактика, диагностика және емдеу қызметтерінің қолжетімділігі.
Маңызды өзгерістер
Жаңа қағидалармен бірге «баланың заңды өкілдері» ұғымы енгізілді. Оларға ата-ана, асырап алушылар, қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілері және балалардың құқығын қорғауды және қамқорлық жасауды қамтамасыз ететін өзге де тұлғалар жатады.
Тіркелу процесі
Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және елде тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар мемлекеттік кепілдендірілген көлем медициналық көмек және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) аясында медициналық көмек алу үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына тіркеле алады.
Тіркелу процесі ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) негізінде жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:
- Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын таңдайды;
- Жаңа ұйымға тіркелген кезде автоматты түрде алдыңғы ұйымнан шығарылады.
Балаларды тіркеу
- 5 жасқа дейінгі балалар перзентханадан шыққаннан кейін үш күн ішінде нақты тұратын мекенжайы бойынша тіркеледі;
- 6–14 жас аралығындағы балалар заңды өкілдерінің тіркелген мекенжайы бойынша немесе олардың өтініші негізінде тіркеледі;
- 18 жастан асқан студенттер мен медреседе оқитындар өз бетінше тіркеледі.
Ерекше санаттағы азаматтар мен жүкті әйелдер тұрғылықты жері бойынша тіркеледі. Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ерікті немесе міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек ала алады.
Тіркелу тәсілдері
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелу жеке жүгіну немесе электрондық үкімет порталы арқылы іске асырылады.
Тіркеу үшін қажетті құжаттар:
- Жеке куәлік немесе электрондық құжат;
- Зейнеткер куәлігі (зейнеткерлер үшін);
- Балаларға қатысты тұлғалар үшін қамқоршылықты растайтын құжаттар;
- Тіркеу жөніндегі комиссияның хаттамасы (сотталғандар үшін).
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы өтінімді бір жұмыс күні ішінде қарастыруы тиіс. Электрондық үкімет порталы арқылы жүгінген жағдайда қызмет өтініш түскен күні көрсетіледі.
Тіркеуден шығу тәртібі
Тұрғылықты жерін ауыстырған кезде немесе азаматтың қалауы бойынша жаңа ұйымға тіркелу кезінде алдыңғы ұйымнан автоматты түрде тіркеуден шығару жүзеге асырылады.
- Аталған өзгерістер 2025 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді және тіркелу қағидаттары мен медициналық қызмет алуға құқығы бар азаматтар санатына қатысты. Бұл өзгерістер барлық санаттағы азамат үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған,- делінген құжатта.
Жыл басында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық қызметтің сапасы, соның ішінде емхана мәселесі шешіміне қатысты пікір айтқан еді.