Елімізде ет өнімдерінің құрамын анықтайтын ПТР-тест әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда еттің түрлік құрамын анықтауға және ет өнімдерінде шикізаттың басқа түрімен алмастырылуын анықтауға мүмкіндік беретін отандық ПТР-тест әзірленді. Тест-жүйені «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» құрамына кіретін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірледі.

Елімізде ет өнімдерінің құрамын анықтайтын ПТР-тест әзірленді
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, шұжық өнімдерінің, жартылай фабрикаттардың, консервілердің және басқа да өнімдердің нақты құрамы қаптамада көрсетілген ақпаратқа сәйкес келмеуі мүмкін.

Әсіресе, етті ұсақтағаннан, термиялық өңдеуден өткізгеннен немесе әртүрлі шикізат түрлерін араластырғаннан кейін оның басқа түрмен алмастырылғанын анықтау қиын. Мұндай жағдайда шикізаттың шығу тегін сыртқы белгілеріне қарап анықтау іс жүзінде мүмкін емес.

ПТР-тест митохондриялық цитохром b генінің түрге тән жерлерін анықтау арқылы 17 түрлі жануар мен құстың ДНҚ-сын айқындауға мүмкіндік береді.

Олардың ішінде үй жануарларының сегіз түрі — ірі қара, жылқы, шошқа, қой, ешкі, есек, ит және мысық, жабайы жануарлардың алты түрі — ақбөкен, марал, елік, арқар, егеуқұйрық және тышқан, сондай-ақ құстардың үш түрі — тауық, үйрек және күркетауық бар.

— Тест-жүйенің негізгі ерекшеліктерінің бірі — бір үлгінің құрамынан бірнеше жануар түрінің ДНҚ-сын бір мезгілде анықтау мүмкіндігі. Мұндай мультиплексті формат жеке-жеке жүргізілетін талдаулардың санын және реагенттердің шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе бірнеше құрамнан тұратын ет өнімдерін зерттеу кезінде маңызды, — делінген хабарламада.

Бұл әдіс пайдалы модельге берілген патентпен қорғалған. Тест-жүйені өндіру және қолдану үшін қажетті ғылыми-техникалық құжаттама әзірленіп, университеттің ғылыми-техникалық кеңесінің шешімімен бекітілді.

ПТР-тест шикі етті де, сондай-ақ шұжық өнімдері, ветчина және ет консервілерін қоса алғанда, қайта өңделген ет өнімдерін де зерттеуге арналған. Тест-жүйені сынақ және ветеринариялық зертханалар, мемлекеттік бақылау органдары, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары және азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асыратын басқа да ұйымдар пайдалана алады.

Еттің түрлік құрамын анықтау өнімнің таңбалауында көрсетілген ақпаратқа сәйкессіздіктерді анықтауға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ветеринариялық-санитариялық бақылау міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да 84,5 тонна залалданған өнім Қазақстанға кіргізілмегенін жазғанбыз.