Елімізде газ тұтыну нормасы бекітілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде газ тұтыну нормадан асқан жағдайда баға белгілеуде сараланған тәсіл қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

Астанадағы Шұбар елді мекені газға қосылды
Фото: Астана әкімдігі

— Қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермейді. Сонымен қатар өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынбайды. Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды, — деді Еділ Жаңбыршин газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстыра келе.

Оның пайымынша, бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды.

— Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады. Мұндай әдіс су және энергетика саласында қолданып отыр. Айта кету керек, мұндай тетік Әзербайжан мен Өзбекстанда бұрыннан енгізілген, — деді депутат.

Айта кетейік, тауарлық газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеке және коммуналдық тұтынушылар үшін сараланған тариф саясатын құруға бағытталған заң жобасына қатысты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум