Елімізде геологиялық жұмыстардың талаптары өзгереді

закон
Фото: Kazinform

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Парламент депутаттары осы заң жобасына бастама жасады және осы құжат биылғы 13 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасының негізгі мақсаты – көмірсутектерді геологиялық барлау мен игерудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімдерін оңтайландыру, жер қойнауын пайдаланаушылардың қаржылай және әкімшілік шығындарын азайту», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Жұмыс тобы өткізген отырыстардың қорытындысы бойынша бұл құжат бірқатар елеулі жаңа нормалармен кеңейтілді.

«Біріншіден, мұнай мен газды барлау жұмысына қаржы тартуды ынталандыру ескерілген. Өйткені қазір «жеңіл» мұнай дәуірі аяқталып жатыр, көмірсутегінің ірі кен орындары енді кем дегенде 4,5-5 мың метр тереңдікте орналасқан. Бізде, әлі де көзі ашылмаған ірі кен орындарымыздың бар екеніне күмән жоқ. Мамандардың есептеуіне сәйкес, Қазақстанның 15 шөгінді бассейніндегі көмірсутек қорының әлеуеті 76 млрд тонна отынмен бағаланып отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, жобамен қордың 64 млрд тоннасы Каспий ойпатына тиесілі.

«Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарын жан-жақты жандандыруымыз қажет. Әрине, күрделі кен орындары геологиялық барлау мен мұнай-газды игеруге жұмсалатын шығындардың көлемін едәуір арттырады. Бірақ жоғарыда аталған көмірсутектерді табу мен игеру қазір қиын болғанымен, болашақта озық білімді жас кадрлар мен инновациялық технологиялар экономикалық тиімді әдістерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіні анық. Сарапшылардың деректеріне сәйкес, геологиялық барлаудағы оң нәтижесі 30 пайыздан аспайды әрі қомақты қаржылық салымды қажет етеді. Бұл ретте геологиялық барлау жұмыстарының жоғары тәуекеліне байланысты іс жүзінде банктер көбіне оны қаржыландырмайды», - деді Е. Жаңбыршин.

Бұл тұрғыда депутаттар осы сала министрлігімен және мамандармен бұл мәселені пысықтап, жұмыс тобында жаңа нормалар қабылдады.

«Қосымша инвестиция салу міндеттемесімен және өндіру кезеңінің мерзімін қысқарта отырып, барлау уақытын қосымша тағы 3 жылға дейін бір реттік ұзарту ұсынылды. Яғни, тәуекелге барып, геологиялық барлауға едәуір қаржы жұмсаған жер қойнауын адал пайдаланушылардың бастаған геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, «дала» геологиялық жұмыстарына тезірек көшу үшін «кабинеттердегі» келісу мерзімдері 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды. Сарқылып жатқан кен орындарын игеруді ынталандыру үшін одан әрі фискалды шаралар алуға құқықтық негіз жасалды. Бұл осындай кен орындарында 2045 жылға қарай шамамен 60 млн тонна мұнай өндіріп, жұмыс орындарын сақтауға, өндіруді 10-25 жылға ұзартуға мүмкіндік береді», - деді депутат.

Жалпы аталған заң геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу талаптарын жақсартуға және осы салаға жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, құжатта кен орындарын игеру барысында жер қойнауын пайдаланушылардың әкімшілік шығындарын азайтуға бағытталған нормалар қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар