Елімізде икемді режимде жұмыс істеу тәртібі қалай реттеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Икемді жұмыс тәртібіне байланысты мәселелер Еңбек кодексінің 74-бабымен реттеледі. Икемді жұмыс кестесі, оның ішінде қашықтан еңбек ететін жұмысшыларға өндірістік міндеті мен жеке және тұрмыстық қажеттілігін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

— Жұмысшыларға соның ішінде қашықтан жұмыс істейтін адамдарға икемді кесте белгіленуі мүмкін. Оның мақсаты — жұмысшының жеке, әлеуметтік-тұрмыстық басқа да қажеттіліктері мен жұмыс берушінің өндірістің мүддесі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Икемді жұмыс уақыты режимі келесі элементтерді қамтиды, жұмысшы белгіленген уақытта жұмыс орнында міндетті түрде болуы, икемді уақыт жұмысшы міндетін қашан орындауы керектігін дербес анықтайды, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай.
Маманның мәлімдеуінше, жұмыс уақытының белгіленген нормасының орындалуын бақылау жүргізетін есептік кезеңнің ұзақтығы 6 айдан аспауы тиіс.
— Икемді кестеде күнделікті немесе апталық жұмыс көлемінің ұзақтығы белгіленген нормадан өзгеше болуы мүмкін, яғни жұмыс уақыты ұзақ немесе қысқа. Икемді жұмыс кестесін белгілеу тәртібі, сондай-ақ есептік кезеңнің ұзақтығы жұмыс берушінің ішкі актісімен, еңбек не болмаса ұжымдық шартпен айқындалады, — дейді сарапшы.
Бұған дейін отандық еңбек нарығында жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі қай салаға тиесілі екенін хабарлаған едік.