Елімізде қандай дәстүрлі медицинаға рұқсат берілген
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына орай елімізде қандай дәстүрлі медицинаға рұқсат берілген айтты.

— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес дәстүрлі (халықтық) медицина тәсілдерін диагностика, емдеу және профилактика үшін қосымша тиісті рұқсаты бар медицина қызметкерлерінің ғана пайдалануына болады. Бүгінде елімізде тек дәлелді және дәстүрлі медицина әдістерін қолдануға рұқсат етілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәстүрлі медицинаның бірнеше түріне (гомеопатия, рефлексотерапия, фитотерапия, мануалдық терапия, гирудотерапия, су-джок терапия) рұқсат берілген, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, медициналық қызметтің осы түрлерін жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия мен маман сертификаты қажет.
— Жоғарыда аталған медицина түрлеріне жатпайтын емдеу әдістері заңсыз кәсіпкерлік немесе медициналық қызмет саналады. Заңсыз медициналық қызмет көрсеткен жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деді премьер-министр.
Олжас Бектеновтің жауабына берілген анықтамаға сәйкес, медициналық қызметті лицензиялау рәсімі 2015 жылдан бастап автоматтандырылған және «E-License» порталы арқылы көрсетіледі. Порталда «рұқсат беру құжатын іздеу» қосымша бетінен әрбір азамат (маманның ЖСН, БСН деректері бойынша) маманның және дәстүрлі медициналық орталықтардың рұқсат беру құжатының бар-жоғын көруге мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Гарвард және Стэнфорд университеттері ғалымдарының бірлескен зерттеуіне сәйкес, жасанды интеллект адамдарға қарағанда дәлірек диагноз қоя алады.