Елімізде қасиетті Ораза айт мейрамы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін 20 наурыз Қазақстан мұсылмандары ораза айтты тойлап жатыр. 

мечеть Хазрет Султан, ораза, намаз
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Ораза айт — Ислам дініндегі ең маңызды мейрамдардың бірі. Ол бір айға созылған оразадан кейін тойланады.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «айт» сөзін мерекелеу, көңіл бөлу, қуаныш сыйлау және ортақ шаттықта бас қосу деген мағыналарды беретінін түсіндіреді. Тұтас бір ай бойы ниет етіп, ораза ұстаған жан үшін бұл күн — жасаған игі істерінің қайтарымы.

Мұсылман қауымы бір-бірін құттықтауды оразаның соңғы күні, күн батқан сәттен-ақ бастайды.

Айттың алғашқы күні таңертең жамағат мешіттерге жиналып, айт намазын оқиды. Одан кейін кең дастархан жайылып, ағайын-туыс пен дос-жаранға зиярат жасау, сыйлық беру және жақындармен уақыт өткізу дәстүрге айналған.

Бұл мейрам — рухани кемелденудің, қайырымдылық пен мұсылман үмбетінің бірлігінің нышаны. Бұл күні адамдар бір-біріне тыныштық, береке мен тоқшылық тілейді.

Биыл қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталды.
Ал 16-нан 17 наурызға қараған түні қасиетті Қадір түні өтті.

ҚМДБ кестесіне сәйкес, биыл Құрбан айт 27-29 мамыр аралығына сәйкес келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, ақ тілегін білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар