Елімізде қауын мен қарбыздың бағасы қанша
Жаз басталғанда дүкен сөресіне қарбыз бен қауын түсіп, сұраныс та артады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақстанға қарбыз бен қауын Қытай, Иран, Бразилия, Тайландтан әкелінеді. Сонымен бірге шаруалар баптап, пісіреді. Жетісу мен Түркістаннан, Өзбекстаннан жеміс-жидек пен көкөніс тасымалданады. Бақша өнімдері көбіне Түркістан облысында өсіріледі.
Сатушылардың айтуынша, көбі жаз басталғанда сатып алуға жүрексінеді. Қарбыз тамыз айында бабына келіп піседі деген де түсінік бар. Бұл қарбызда қоспа аз болады деп айтылады.
Дегенмен бүгінде базардан қарбыз бен қауын сатып алуға болады.
Қарбыздың ең арзаны Таразда сатылады. Мұнда келісі - 195-250 теңге. Ал Түркістанда келісі 200-250 теңге, Көкшетауда - 230 теңге, Қызылорда, Алматы мен Павлодарда - 250 теңге.

Ала қарбыздың келісі Шымкентте - 260-300 теңге. Ал Ақтөбеде 280-300 теңгеге сатылып жатыр. Ал Атырау, Семей, Ақтау, Өскемен, Қостанайда келісі 300 теңгеге сатылады. Еліміздің астанасында келісі 303 теңге шамасында.
Қарбыз Орал, Қарағанды, Жезқазғанда қымбат. Мұнда келісі 350 теңгеге сатылып жатыр. Ең қымбат қарбыз - Петропавлда. Мұнда келісі - 360 теңгеден.
Қауын қарбыздан қымбат. Қауын түрі көп, ал оның орташа бағасы шамалас. Қауынның ең арзаны Ақтөбеде сатылады. Мұнда келісі -500-700 теңге. Қостанай (560-670 теңге) мен Павлодарда (589-828 теңге) баға сәл жоғары.
Атырау, Түркістан мен Шымкентте қауынның орташа бағасы - 600 теңге. Қауын бағасы Таразда - 620-700 теңге, Көкшетау мен Ақтауда - 650 теңге. Ал Орал мен Қарағандыдан келісін 700 теңгеге сатып алуға болады.
Алматы, Жезқазған, Семей мен Өскеменде баға жоғары. Келісі - 800 теңге. Ал ең қымбат бақша өнімі Петропавл, Астанада сатылып жатыр. Келісі - 999 теңге. Ал Қызылордада - 1 000 теңге.
Бұған дейін Қазақстандағы өрік пен шабдалы бағасы жазылды.