Елімізде кейбір министрлердің мемлекеттік тілді білмеуіне түсінік берілді

Салауат
Фото: ortcom.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бірнеше министрдің қазақ тілін жетік білмеуіне ресми түсінік берілді. 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында келесі сауал қойылды: «Мемлекеттік қызметке үміткерлер (А және Б корпусы) қазақ тілінен (мемлекеттік тіл) емтихан тапсырады, солай ғой? Олай болса, елімізде екі министр Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев және Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде білмей, қалай қызметке қабылданды?».

«Біріншіден, тестілеу, яғни мемлекеттік қызметке іріктеу әкімшілік қызметке үміткерлер үшін бекітілген. Ал саяси қызметшілерге басқа тәртіп. Олар әкімшілік қызметке үміткерлер секілді тестілеу тапсырмайды. Саяси қызметшілер конкурстан өтпейді, тағайындалады», - деп жауап берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.

Бұған дейін С.Мүксімов мемлекеттік қызметтерді алуда бюрократия фактілері әлі де барын айтқан еді.

Сондай-ақ, брифинг барысында мемлекеттік қызметші жемқорлық жасаса кім отставкаға кету керектігіне түсінік берілді.

Одан бөлек, бұдан былай лауазымды тұлғалар өз бетінше шешім қабылдай алмайды, мәселе комиссия арқылы қаралады.

Соңғы жаңалықтар