Елімізде қысқы олимпиадалық спорт түрлері қалай дамып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына қатысты түсінік берді.

- Қазақстанда 13 қысқы олимпиадалық спорт түрі дамып келеді. Жалпы, 139 123 спортшы қамтылған, 1 838 жаттықтырушы қызмет етеді. Солтүстік өңірлерде климаттық жағдайлардың қолайлы болуына байланысты спорттық резерв дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде 521 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 15 511 спортшы дайындықтан өтіп жатыр, оларға 747 жаттықтырушы жетекшілік етеді, - деді Е. Мырзабосынов.
Оның айтуынша, еліміз бойынша 1 республикалық, 6 облыстық және арнайы олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 500-ден астам бала оқиды.
Сонымен қатар, 11 олимпиадалық резерв даярлау орталығында 400-ге жуық спортшы жаттығады. 12 жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 1 000-нан астам спортшы дайындалады. Ұлттық құрамалар қатарына 1 265 спортшы кіреді.
- Елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1 242 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1 108 хоккей алаңы, 102 шаңғы базасы, 22 мұз аренасы, 7 коньки тебу стадионы, 3 шаңғымен секіруге арналған трамплин бар. Қазіргі уақытта жабық спорттық кешендерге сұраныс барлық өңірлерде жоғары. Қазақстанда қысқы спорт түрлері тек кәсіби деңгейде ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спорт ретінде де дамып жатыр. Кейбір өңірлерде жаттығу ресурстары мен инфрақұрылымның шектеулі болуына қарамастан, бұл спорт түрлері халық арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, тұрақты дамып келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың саны 310 мыңға артып, 8,4 млн адамға немесе халықтың 41,5% пайызына жетті. Олардың ішінде ауылдық жерлерде 3 млн-нан астам адам спортпен айналысады, - деді министр.
Елімізде жыл сайын 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Оған 1,2 миллион адам, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қытайда өтетін IX қысқы Азия ойындарына Қазақстаннан 138 спортшы барады.