Елімізде көшіп-қону үшін жүк тасымалдау құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда киім-кешек, жиһаз және тұрмыстық техниканы тасымалдау үшін жүк көлігіне сағатына орта есеппен 4 000 теңге төлеу керек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Заттарды пәтерден пәтерге, сонымен бірге кеңседен кеңсеге тасымалдау үшін күні бұрын тапсырыс беріп қою керек. Жүк тасымалдау қызметі туралы ақпарат қазір көпшілікке таныс сайттарда толып тұр. Онда жүргізушілер орташа бағаны ұсынады. Жүк тасымалдау қызметі сағатына есептеледі. Тек жүкті тиеу, оны түсіру де уақыт алатынын естен шығармаған жөн. Сондықтан жүкті бір жерден, екінші орынға жеткізу үшін 2-3 сағатқа қажетті шығынды алдын ала есептеген жөн.
Баға барар жердің алыс немесе жақын екеніне де байланысты өзгеріп отырады. Егер қала ішіндегі мекенжай болса арзанға түседі, ал қала сыртындағы тасымал қосымша шығынды талап етеді. Сонымен бірге бір қаладан екінші бір қалаға жүк тасымалдайтын жүргізушілер де бар. Олардың қызмет ақысы жоғары.
Тағы бір ескере кетерлік жайт, жүкті кім тиеп, кім түсіреді? Мұндайда өз күшіңізге сенесіз, достарыңызды шақырасыз немесе туған-туыстарыңыздың көмегіне жүгінесіз. Жиһаз бен тұрмыстық техниканы алдын ала сыртқа шығарып қойсаңыз, уақыт ұтасыз. Егер көмекші таппасаңыз, жүк тасымалдаушыларды шақырамыз. Бір адамның қызметі орта есеппен – 3 000 теңге. Жүк тасымалдау қызметін ұсынатын жүргізушілердің кейбірі жүкті тиеп, түсіріп беретін адамдардың да қызметін қоса ұсынады.
Айтып өтейік, кейбір қалаларда, соның ішінде Алматы мен Астанада қоқыс төгу қызметін ұсынатындар да бар. Ескі жиһаз, техника, құрылыс қалдықтарын алып кетіп, қоқыс полигонына жеткізу қызметінің құны өзгелерге қарағанда арзан.

Жүк тасымалдау құны қанша
Жүк тасымалы қызметінің арзаны Ақтау қаласында болып шықты. Мұнда бір сағатқа 1 000 теңге сұрайды. Ескере кетерлігі, тасымалдау кезінде үлкен жүк көлігі емес, қарапайым ГАЗель келеді. Бұл көлікке сіздің жүгіңіз сыймауы да мүмкін.
Содан кейінгі орында Шымкент қаласы тұр. Мұнда жүк тасымалы қызметінің құны – 1 500 теңге. Дәл осы ақшаға қоқысты алып, полигонға тастау қызметін де ұсынады. Ал Қарағанды, Ақтөбе, Өскемен, Таразда жүк тасымалдау қызметінің құны – 2 000 теңге. Бұл қалалардағы ең жоғары баға 8 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін жетеді.
Қазақстанның астанасында жүк тасымалдау құнының ең арзаны – 2 100 теңге. Сонымен бірге қоқыс төгу құны да осы шамада. Астаналықтар жүк тасымалдауға орта есеппен сағатына 5 000 теңге жұмсайды.
Қостанай мен Оралда жүк тасымалдау қызметі сағатына 2 500 теңге болып тұр. Бір ескерерлігі, бұл қалаларда жүк тасымалдау қызметінің ең қымбаты – 22 000-30 000 теңге.
Жүк тасымалдау қызметінің көбі сағатына 3 000 теңге сұрайды. Мұндай бағаны Алматы, Атырау, Семей, Павлодар, Көкшетау, Түркістан, Екібастұзда ұсынып отыр. Жүк тасымалдау кезінде көбіне шағын ГАЗель келетінін ұмытпаңыз.
Қызмет құны жоғары қалалардың ішінде Жезқазған екінші орында тұр. Мұнда ең арзан қызмет құны 3 500 теңге деп көрсетілген. Хабарламаларда дәл осылай жазулы тұр. Ең қымбаты – Петропавл пен Қызылордада. Мұнда сағатына – 4 000 теңге. Айтып өтейік, еліміздің қалаларының басым бөлігінде бұл қызмет түрі жақсы жолға қойылған. Сондықтан жүк тасуға қажетті көлік табу қиынға соқпайды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан қалаларында аквапаркке кіру билетінің құны туралы жазылды.