Елімізде күн райы өзгереді: кей өңірлерде ауа температурасы +20°С-қа жетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болмайды. Күндіз ауа температурасы +20°С-қа дейін көтерілсе, түнде аяз сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМҚ мәлім етті. 

Елімізде күн райы өзгереді: кей өңірлерде ауа температурасы +20°С-қа жетеді
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын кең ауқымды антициклон қалыптастырады. Осыған байланысты еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Түнгі уақытта еліміздің барлық дерлік өңірінде ауа температурасы нөлден төмен болғанымен, күндіз ауа температурасы солтүстік пен шығыста +5…+10°С-қа, батыста +15…+20°С-қа, ал республиканың оңтүстігінде +12…+17°С-қа дейін көтеріледі.

Айта кетейік, 27 қазанда Қазақстанның 14 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер үсік, қатты жел, тұман, көктайғақ және шаңды дауыл болатынын болжаған. Бірқатар өңірде өрт шығу қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады.