Елімізде лайықты еңбек жөніндегі жаңа бағдарлама әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу және еңбек қауіпсіздігін күшейту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының орынбасары Эммануэль Жульеннің кездесуінде сөз болды.

Асқарбек Ертаев
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Тараптар Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысын, еңбек заңнамасын жетілдіру және еңбекті қорғау саласындағы мамандарды даярлау мәселелерін қарастырды.

Жол картасы бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында еңбек инспекциясы арқылы жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, әлеуметтік диалогты дамыту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірлесу бостандығын қорғау, ең төменгі жалақыны белгілеу, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың барлық түрін жою бар.

ХЕҰ өкілдері Қазақстанның Жол картасын іске асыру барысына жоғары баға берді. Олар жоспарланған іс-шаралардың орындалуында елеулі ілгерілеу бар екенін атап өтті. Әсіресе ең төменгі жалақы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыскерлерді қудалаудан қорғау бағыттарындағы нәтижелерге назар аударылды.

Кездесуде министр мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысын жетілдіруге қатысты әзірленген ұсыныстарды таныстырды. Атап айтқанда, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау тәртібін тікелей Еңбек кодексінде бекіту ұсынылды. Бұл өзгерістер жұмыскерлердің құқықтары бұзылған жағдайда жедел әрекет етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған.

Тараптар әлеуметтік диалогты дамыту, әлеуметтік әріптестік институтын нығайту және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу бағытындағы ынтымақтастықты да талқылады.

Сонымен қатар Лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу мәселесіне назар аударылды. Құжат аясында әлеуметтік қорғау, әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі, цифрландыру және жасанды интеллектінің жұмыспен қамтуға әсері бағыттарындағы бірлескен жұмыстың мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұдан бөлек, тау-кен өндіру секторындағы еңбекті қорғауға арналған бірлескен жобаның нәтижелері талқыланды. Мемлекеттік еңбек инспекторларын, кәсіпорын мамандары мен кәсіподақ өкілдерін оқытуды жалғастыру перспективалары да сөз болды. Оқыту бағдарламасы өндірістік қауіп-қатерлерді анықтау және тәуекелдердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.

Кездесу соңында Жол картасын одан әрі пысықтау және Лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу мәселелерін талқылау үшін әлеуметтік әріптестердің қатысуымен кеңейтілген жиын өткізу мүмкіндігі қарастырылды.

Айта кетейік, осыған дейін 1 млн адамның еңбек құқығына қатысты мәселелер талқыланып, кәсіподақтар 25 бастама ұсынды.