Қазақстанда лизинг нарығының көлемі 2,7 трлн теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде отандық лизинг нарығында шамамен 300 субъект қызмет атқарып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.

лизинг форум
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Лизингтік компаниялардың деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша лизингтік портфельдің көлемі 2,7 трлн теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45,6%-ға артқан. Лизингтік операцияның негізгі бөлігі, яғни 93%-ы өнеркәсіпті дамыту қорына және ҚазАгроҚаржыға тиесілі. Жекеменшік компаниялардың портфелі бүгінде 200 млрд теңгені, яғни жалпы лизинг көлемінің 7%-ын құрайды. Оның ішінде 96 млрд теңгені банктердің төрт еншілес лизингтік компаниясы берген. Олардың қатарында Halyk Leasing, BCC Leasing, Nur Leasing және Forte Leasing, — деді Мәдина Әбілқасымова елордада лизинг тақырыбына арналған конференцияда.

лизинг форум
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Агенттік төрағасы келтірген мәліметке сәйкес, лизинг алу бойынша 28,5% көлік секторына, 26,3% өнеркәсіпке және 25,7 ауыл шаруашылығына тиесілі. 

— Жалпы, 2,7 трлн теңге көлемінде лизингтік операция жасалды, бұл айтарлықтай маңызға ие. Аталған көрсеткішті екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфелімен салыстырсақ, өткен жылы бизнесті кредиттеу көлемі 13,1 трлн теңгені құраған. Өткен жылы банктер тарапынан бизнеске берілген кредиттер көлемі 16,3%-ға артқанын байқадық. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлерді несиелеуде де жоғары өсім тіркелді — 47%-ға өсіп, 2,3 трлн теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері 13,1%-ға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрады. Жалпы алғанда, банктік несиелерді пайдаланатын қарыз алушылар санының да едәуір артқанын көруге болады, өсім 20%-ды құрап, 533 мың бизнес субъектіге жетті, — дейді ол.

Бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлерге лизинг алудың тиімділігі туралы жазған едік

Айта кетейік, Қазақстанда лизинг ассоциациясы құрылды. 

Бүгін елордада «Қазлизинг — 2025: өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қаржыландыру көзі ретінде Қазақстанда лизингті дамыту перспективалары» атты алғаш конференциясы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар