Елімізде лудомания диагнозы неше адамға қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев былтырдан бері лудомания бойынша емделіп жатқандарға қатысты түсінік берді.

құмар ойын
Фото: freepik.com

- Бір жыл бұрын лудоманиядан емдеу мен диагностика хаттамасы қабылданған. Содан бері 15 жағдайға құмар ойындарға тәуелділік диагнозы қойылды. Құмар ойындарға тәуелді адамдар өздерін дертке шалдыққанын мойындамайды. Екіншіден, былтырға дейін ойынға тәуелді әрбір адам психикалық сауықтыру орталығында динамикалық бақылауға алынатын және бұл жағдай оның құжаттарында көрсетілетін. Сондықтан ешкім өзінің деректерінде мұндай динамикалық бақылаудың болғанын қаламайды, - деді Тимур Сұлтанғазиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осыған байланысты өткен жылы тиісті заң қабылданып, оның аясында консультативтік мониторингтің жаңа тетігі қосылды.

- Бұл жаңа қадам адамдарда емханаға баруға, психиатрдан кеңес алуға және қажет болған жағдайда емделуге баруды ынталандырып отыр, - деді вице-министр.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев елімізде миллион лудоман бар деген ақпаратты жоққа шығарды.

Соңғы жаңалықтар