Елімізде мал сою орындары жаңартылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елді мекендерде мал сою орындарын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысы басталды.

Ет өңдеу зауыты
Фото: ҚР АШМ

— Тәжірибе көрсеткендей, елді мекендердегі қарапайым және типтік мал сою алаңдарын пайдаланудан гөрі, мамандандырылған мал сою пункті әлдеқайда тиімді. Мұндай пункттер ветеринариялық және санитариялық нормаларға сай келеді, онда етке ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге арналған зертхана бар, сондай-ақ ветеринариялық дәрігер болып, ілеспе құжатты рәсімдейді, — делінген Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында.

Үкімет басшысының мәліметінше, бүгінде бірқатар елді мекенде мал сою орындарын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысы басталды.

— 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе ұлғайту жөніндегі жол картасы аясында мал сою пункттерін салу бойынша индикатор көзделген. Бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты ауылдық жерлерде мал сою пункттерін салу және пайдалану үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері аясында жеке инвестиция тарту шарасы қолға алынды. Жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар санитариялық-ветеринариялық талаптың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Өңір әкімдіктерінің ақпаратына сүйенсек, өткен жылы 18 мал сою пункті салынды, ал биыл 224 нысанның құрылысы жоспарланған.

Биыл сәуірде Ішкі істер министрлігі Астана, Алматы және Шымкент қаласында заңсыз мал сою цехтарын анықтаған еді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл ауыл шаруашылығы жобаларына 50 млрд теңге несие беріледі

Соңғы жаңалықтар