Елімізде медиаторларды оқыту бағдарламаларының тізімі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған медиаторлар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Елімізде медиаторларды оқыту бағдарламаларының тізімі бекітілді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жиынға Кеңес мүшелері мен уәкілетті органға қарасты медиаторлар ұйымдарының өкілдері қатысты. Отырыста жаңа Конституция жобасы талқыланды. Қатысушылар Ата заңның жаңартылған нормалары қоғамдағы маңызды сұраныстарға жауап беріп, тұрақты дамудың институционалдық негізін қалыптастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар медиаторларды даярлау және оқыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңартылған қағидаларға сәйкес, оқыту құқығы тек Үйлестіру кеңесі мақұлдаған оқу бағдарламалары бар ұйымдарға ғана беріледі.

Айта кетсек, жиында 11 медиаторлар ұйымының оқу бағдарламалары бекітілді. Олардың қатарында Халықаралық құқық қорғау орталығы, Халықаралық медиация орталығы, «Альянс Успеха», «Парасат» медиаторлар мен заңгерлер қауымдастығы, «Pactum» медиация және келіссөздер орталығы, «Tatulas» медиация орталығы, ҚР Медиаторлар қауымдастығы, Қарағанды облысының кәсіби медиаторлар қауымдастығы, «Адам және Құқық» медиаторлар мен заңгерлер одағы, «Содействие и право» құқықтық көмек және медиация орталығы, сондай-ақ International bureau of mediation ұйымдары бар.

Бұған дейін Қазақстан өз азаматтарын шетелде оқыту көрсеткіші бойынша 9-орында тұрғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум