Елімізде мемлекеттік майнинг өндірісі басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда криптовалюта айналымына рұқсат беріледі. Одан бөлек майнерлік қызметті де заңдастыру жоспарланған. Мемлекет басшысының криптоиндустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасынан соң Үкімет осындай бастамаларды қолға алды, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мемлекеттік майнинг өндірісіне инвестиция тарту кезек күттірмейтін шаруаның бірі болып тұр.
— Негізгі бағыттардың бірі заңнамалық бастамаларды іске асыру болып табылады, онда криптоиндустрияны либерализациялау және цифрлық майнинг индустриясына инвестициялар тарту бойынша түзетулер әзірленді, — деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің сөзінше, нақты активтерді токендеу бойынша да арнайы жоспар бар. Бұл жер, жылжымайтын мүлік, алтын, мұнай, өнер туындысы, акция, облигация сияқты құнды дүниенің блокчейнде цифрлық токен түрін жасау деген сөз. Мәселен, сізде 1 келі алтын бар делік. Сол алтынды электронды сақтау қоймасын бекітіп, оған сәйкес 1 токен шығарасыз. Бұл токен криптобиржа айналымына енеді. Және оны басқа адамдарға сата аласыз.
— АХҚО-да майнерлер өндірген цифрлық активтерді сату туралы міндеттемені алып тастау керек. Сондай-ақ электр станцияларын жаңғырту бойынша «70/30 бағдарламасы» жобасын іске асыруды қамтиды, — деді Цифрлық даму министрі.
Цифрлық саладағы өзгеріс көлік инфрақұрылымына келіп жетті. Мәселен, жыл соңына дейін пилотсыз көлік құралдарына қатысты арнайы заң шығады. Бұл дегеніміз автопилот басқаратын машиналар қозғалысына рұқсат беріледі деген сөз. Бірақ, соған лайық жол учаскелерінде ғана. Қазіргі трассаның басым бөлігі мұндай өзгеріске дайын емес екені анық. Сондықтан «smart» жолдарды салу ісі жоспарланып жатыр.
— Түзетулер алдын ала барлық мемлекеттік органмен келісілді. Жыл соңына дейін қабылдайтын боламыз. Бұл ретте, пилотсыз көліктерді қолдану тиісті инфрақұрылымның болуын талап етеді. Осыған байланысты пилотсыз көліктер арқылы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін «smart» жолдарды салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазір пилотсыз жүк тасымалын Қазақстан — Қытай шекарасында (Бақты — Покиту) қолдану бойынша жұмыс қолға алынды, — деді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Министрлердің ұсынысы Үкімет басшысының көңілінен шыққан сыңайлы. Олжас Бектенов аталған бастамаларды жылдам жүзеге асыруды тапсырды. Бұл тұста цифрлық даму министріне артылар жүк ауыр. Сондықтан жаңа ведомство құру ісін ертерек қолға алу керек деді премьер-министр.
— Цифрлық даму министрлігі Парламент қабырғасында Цифрлық кодекстің және «Жасанды интеллект туралы» заң жобаларының пысықталуын жеделдетсін. Бұдан бөлек, цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі «Digital Qazaqstan» тұжырымдамалық құжатын әзірлеуге кірісу керек. Аталған құжат саланың алдағы үш жылға арналған негізгі бағыттарын қамтып, жауапкершіліктің ара-жігін нақты бөліп беруі қажет. Бұған қоса, құжатта тиісті нәтижелер де көрініс табуы керек, — деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Жаңа инновацияларды қарқынды қолданысқа енгізу үшін халықтың сауатын ашу назардан тыс қалмау қажет. Сондықтан алдағы 5 жылда 1 миллион адамға жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз дейді жауаптылар.