Елімізде металл өңдеу көрсеткіші түсіп кеткен

Үкімет отырысында қайта өңдеу өнеркәсібінің ахуалы туралы мәлімет берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев металл өңдеу келемі 4,3% кемігенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарлапаев
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрі

«Металлургия саласында төрт пайыздан астам (4,3%) төмендеу байқалады. Бұған металлургия зауыттарындағы негізгі пештерді жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары әсер етті. Алайда индикатордың динамикасы қалпына түсіп келе жатыр», - деді министр.

Оның сөзінше, былтыр жалпы ішкі өніміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13,4% болған.

«Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі сегіз ай ішінде 14 трлн теңге болып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,1% өсті. Салалар бөлінісінде тұрақты өсім 28,1% көрсеткішпен машина жасау саласында байқалып отыр. Бұл автокөлік құралдары (+42,2%), машиналар мен жабдықтар (+22,5%) және электр жабдықтарын (+34,3%) шығару есебінен мүмкін болды», - деді Қанат Шарлапаев.

Ал жеңіл өнеркәсіп саласында тоқыма өндірісі 35,9% өскен.

Соңғы жаңалықтар