Елімізде мұнай-газ саласында 15 жаңа тауар өндіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жаңа өндіріс түрлерін іске қосу құны 37,7 млрд теңге болатынын мәлімдеді.

Мұнай-газ нысандарында апатты алдын ала анықтауға жасанды интеллект қолданылуы мүмкін
Фото: Kazinform/ЖИ

Оның сөзінше, жобалар мұнай-газ саласында сұраныс жоғары өнім шығаруды кеңейтуге, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған.

– Мұнай-газ саласында барынша сұранысқа ие түпнұсқа тауарлардың әлемдік және қазақстандық өндірушілерімен бірлесіп, 37,7 млрд теңгеге 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ ел ішінде қосылған құны жоғары тауарларды өндіру және оларды шығару бойынша құзыреттілікті сатып алуды қамтамасыз етеді, – деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзіне жүгінсек, 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 7,9 млрд теңге сомасына 10 өндіріс локализацияланды, 350-ден астам жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар халықаралық сертификаттаудан өту кезінде отандық өндірушілерді қолдауға айрықша мән беріледі.

– Тиісті сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу шегін 3 мыңнан 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жұмысы жүргізілді. Бұл отандық кәсіпорындарға 60 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі шығындарын өтеп алуға мүмкіндік береді және сәйкесінше қазақстандық өндірушілерге үш ірі оператордың жеткізу тізбегіне шығуға, сондай-ақ өнімдерді шетелге экспорттық жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік ашады, – деді Ерлан Ақкенженов.

Механизм қазірдің өзінде саланың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ете бастады. Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда мұнай-газ секторында 7 отандық тауар өндірушінің Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдеріне тауар экспорттау тәжірибесі бар.

Айта кетейік, бұған дейін энергетикалық сектордағы жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауарларды сатып алу көрсеткіші өскенін жазғанбыз.