Елімізде неге сиыр еті қымбат – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде сиыр еті бағасының өсу себебін түсіндірді.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, қазір елімізде бір келі сиыр етінің орташа бағасы 2960 теңге. Ал тірі күйінде өңірлердегі бағаға байланысты 1250-1500 теңге аралығында сатылып жатыр.
– Сойылғаннан кейін шамамен 50% ет қалады. Осыған сәйкес, ет бағасы 2700–2800 теңге көлемінде қалыптасады. Алайда бөлшек саудадағы бағаны бақылау қиын, өйткені баға үстемесін сауда орындары мен делдалдар белгілейді, – деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда министр Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп үстеме және шекті бағаға мониторинг жүргізіліп жатқанын айта келе, жекелеген жағдайда айыппұл салынатынын ескертті.
Ведомство басшысының айтуынша, елімізде ет жеткілікті, экспорттық әлеует те сақталған. Өткен жылы 22 мың тоннадан астам сиыр еті экспортталды, бұл шамамен 122 мың ірі қара мен 1 миллионға жуық қой.
– Негізгі проблема — қайта сату тізбегінде болып отыр. Фермерлер өнімді өзіндік құнынан төмен бағада сатуға дайын емес, себебі мал өсіру үлкен шығынды талап етеді. 3500 теңге көлеміндегі баға — экономикалық тұрғыдан негізделген. Көрші мемлекеттерде, мысалы, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстанда еттің бағасы 6 мың теңгеге дейін жетеді. Қазақстан етпен толық қамтамасыз етілген. Делдалдар арасындағы ретсіздікті жою маңызды, сонда жағдай тұрақталады. Жалпы, ет бағасы тұрақты, – деді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай енді қазақстандықтардың етті фермерлерден тікелей онлайн сатып ала алу мүмкіндігі болады.