Елімізде он жылда туу көрсеткіші 28%-ға төмендеді: мамандар не дейді
АСТАНА. KAZINFORM — Демографиялық деректерге сай, 2025 жылы әлемде шамамен 132 миллион сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш он жыл бұрынғы деңгейге қарағанда 8,33 пайызға аз. Мысалы, 2016 жылы әлемде шамамен 144 миллионға жуық бала туған. Жылдан жылға дүниежүзінде туу көрсеткіші төмендеп келеді.
Қазақстанда да соңғы он жыл ішінде туу деңгейі едәуір төмендеп, шамамен 28 пайызға азайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

2020–2021 жылдардағы «бэби-бумнан» кейінгі туу динамикасы
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ең жоғары туу көрсеткіші 2020–2021 жылдары тіркелген. Демографтар бұл кезеңді «бэби-бум» уақыты деп атайды. 2021 жылы туудың жиынтық коэффициенті ең жоғары деңгейге жетіп, бір әйелге орта есеппен 3,32 баладан келген. Ал 2020 жылдан бастап бұл көрсеткіш әр анаға шаққанда 3,03 пайызға төмендей бастаған. Сол себепті 2022 жылдан бастап туу деңгейінің азаюы байқалады.
• 2022 жылы бір әйелге 3,05 бала,
• 2023 жылы 2,96 бала,
• 2024 жылы бір анаға 2,80 бала тиесілі болды.
- Бұл статистика жалпы туу деңгейінің біртіндеп азайып келе жатқанын аңғартады. Абсолюттік деңгейге назар аударсақ, мәселен: 2021 жылы Қазақстанда 445 875 бала дүниеге келді; 2022 жылы шамамен 404 мың бала; 2023 жылы 388 мыңнан астам; 2024 жылы 366 мыңға жуық; 2025 жылы шамамен 330 мың бала туған. Былтыр ең төмен көрсеткіш тіркелген. Жалпы соңғы жылдары жаңа туған сәбилердің жалпы саны тұрақты түрде төмендеп келеді, – деді демограф Шынар Пазылбекқызы.

Елімізде көпбалалы отбасылар көбейіп, тұңғыш балалар саны азайған
Демографтың айтуынша, статистикадағы маңызды көрсеткіштердің бірі — баланың отбасындағы туу реті.
- Біздің сайтта 2025 жыл бойынша толық статистикалық деректер әлі жарияланған жоқ, соңғы ресми мәліметтер 2024 жылға тиесілі. Сондықтан 2021 жылды және кейінгі 2024 жылды салыстырайық. 2021 жылы туған 446 мың баланың 26,9 пайызы — отбасының бірінші баласы болса, 2024 жылы дүниеге келген 365 мың баланың 23 пайызы ғана тұңғыш бала болып тіркелген. Бұл бірінші баланы дүниеге әкелу деңгейінің төмендегенін көрсетеді, – деді Шынар Пазылбекқызы.
Маман ұсынған мәліметке сәйкес, көпбалалы отбасылардағы көрсеткіш айтарлықтай өзгермеген. Мысалы, төртінші баланың үлесі:
• 2021 жылы — 16,06 %,
• 2024 жылы — 16,04 %.
Сонымен қатар 2024-2025 жылдары туған балалар арасында бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші балалардың үлесі 2021 жылмен салыстырғанда артқан. Сарапшының айтуынша, жалпы туу деңгейі төмендегенімен, көпбалалы отбасыларда бала туу үрдісі сақталып отырғанын көрсетеді.
Осы орайда 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің артуына байланысты көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі де артқанын айта кету керек.

Ірі қалалардағы урбанизация демографияны өзгертті
Шынар Пазылбекқызының пікірінше, елдегі туу деңгейінің төмендеуіне әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі — жастардың отбасы құруға және бала сүюге асықпауы. Деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда баланы дүниеге әкелген әйелдердің орташа жасы 25-тен асқан. Ал Астана мен Алматы сынды мегаполистерде бұл көрсеткіш 27-жастан жоғары.
- Тұңғыш баланы туу жасының өсуіне басты себеп — урбанизация үдерісі. Ірі қалаларға көшіп келген жастар алдымен өз тұрмысын реттеп, тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуды қалайды. Себебі баламен пәтер жалдап немесе тұрақсыз жағдайда өмір сүрудің қиын екенін жақсы түсінеді. Сондықтан қаржылық жағдайын жақсартуды, тұрғын үй мәселесін шешуді бірінші орынға қояды. Осы факторлардың барлығы отбасын құру мен бала сүю шешімін кейінге шегеруіне әсер етеді. Мұндай үрдіс бұрын Еуропа елдерінде де байқалған. Әлеуметтік-экономикалық даму күшейіп, урбанизация артқан сайын, туу деңгейі төмендеген. Себебі ірі қалаларда өмір сапасын арттыруға ұмтылу көбіне бала санын шектеуге алып келеді, – деді маман.

Ал әлеуметтанушы Ақнұр Бексұлтанқызы соңғы жылдары туу деңгейінің төмендеуі тек Қазақстанға тән құбылыс емес екенін атап өтті. Бұл үрдіс көптеген дамыған елдерде де байқалады екен. Оның айтуынша, қоғам дамыған сайын адамдардың өмірлік басымдықтары өзгеріп, отбасы құрудан гөрі жеке даму, білім алу, мансап құру сынды экономикалық тұрақтылық алдыңғы орынға шыққан.
- «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері де осы үрдісті растайды. Респонденттердің 80%-дан астамы отбасы құру кезінде экономикалық жағдайды маңызды деп санайды. Сауалнама дерегіне сәйкес, 30–45 жас аралығындағы респонденттердің 48,3%-да материалдық мәселелер отбасылық ұрыс-керістің де себебі болып отыр. Тұрғын үй мәселесі де маңызды рөл атқарады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 29–45 жас аралығындағы азаматтардың 38,8%-ы тұрғын үйді басты қажеттілік деп санайды. Сонымен қатар, репродуктивті жоспар өзгере бастаған: ерлердің 48,1%-ы, әйелдердің 54,2%-ы болашақта бір бала туу жеткілікті екенін жазған. Бұл отбасылардың бала санын саналы жоспарлауға көшуін көрсетеді. Зерттеу туу көрсеткішінің төмендеуін тек демографиялық құбылыс емес, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нәтижесі екенін айқындайды, - деді ол.

Өңірлердегі демографиялық өзгерістер
Демограф маман Қазақстандағы демографиялық жағдайды шартты түрде үш модельге бөліп қарастыруға болатынын мәлімдеді.
- Бірінші модель — оңтүстік және батыс өңірлер. Бұл аймақтарда көпбалалы отбасы дәстүрі әлі де жақсы сақталған. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан бойынша бір әйелге орта есеппен 2,80 бала келсе, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 4 баладан асып кеткен. Еліміздегі жоғары туу деңгейін негізінен осы өңірлер ұстап тұр. Екінші модель — солтүстік облыстар. Тарихи және мәдени ерекшеліктерге байланысты бұл өңірлерде туу деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Мұнда отбасылар көбіне 2–3 баламен шектеледі, ал көпбалалы отбасы сирек кездеседі, – деді Шынар Пазылбекқызы.
Сарапшы келтірген үшінші модель — мегаполистер. Оның айтуынша, ірі қалалардағы демографиялық үрдістер өзгеше сипатқа ие. Мұнда жастардың бір бөлігі отбасын кеш құрады немесе мүлде құрмайды. Соның салдарынан бірінші баланы дүниеге әкелу деңгейі де төмендеп келеді. Бұл үрдіс бір жағынан Еуропа елдеріндегі демографиялық модельге ұқсай бастаған.
- Қазақстанды Еуропа, Оңтүстік Корея немесе Жапониядағыдай өте төмен туу деңгейі күтіп тұр деп айтуға әлі ерте. Себебі еліміздегі ауылдық аймақтар, әсіресе оңтүстік пен батыс өңірлердегі ауылдар, демографиялық өсімді сақтап отыр. Алайда урбанизация күшейіп, ауыл тұрғындарының мегаполистерге көшуі жалғаса берсе, болашақта бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Жалпы алғанда, Қазақстандағы туу деңгейінің өзгеруі — күрделі әрі көп факторға байланысты демографиялық процесс. Сондықтан бұл мәселе терең әрі жан-жақты ғылыми зерттеуді талап етеді , – деді демограф.

Жастарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау қажет
Әлеуметтанушы келтірген сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 80%-дан астамы отбасы құру кезінде экономикалық факторды маңызды деп санайды. Осы жағдайды ескере отырып, маман демографиялық ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік саясат бірнеше бағытта дамуы тиіс екенін мәлімдеді.
- Бұл істе біріншіден, жас отбасыларға арналған қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту маңызды. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, бастапқы жарнаны субсидиялау, жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй қорын дамыту жастардың отбасы құру туралы шешіміне оң әсер етуі мүмкін. Екіншіден, ата-ана болу мен жұмысты үйлестіруге мүмкіндік беретін әлеуметтік саясат қажет. Бұл бала күтімі бойынша төлемдерді кеңейту, қолжетімді балабақша инфрақұрылымын дамыту, икемді жұмыс кестелерін қатаң сақтау және ата-аналардың еңбек нарығынан уақытша шыққан кезде кәсіби мүмкіндіктерін сақтауға бағытталған шараларды қамтуы тиіс, - деді Ақнұр Иманқұл.

Маманның пікірінше, отбасы институтын қолдайтын мәдени және ақпараттық саясат та қажет. Бұл – жауапты ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру, әке институтын нығайту және ерлі-зайыптылардың бірлесе отбасы құндылықтарын дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс. Сонымен қатар бұл бағытта шетелдік тәжірибеге де сүйенген жөн екенін алға тартты.
- Халықаралық тәжірибені ескеру маңызды. Мысалы, АҚШ-та әлеуметтік саясатта кеңінен талқыланатын “Success Sequence” (сәттілік тізбегі) концепциясы бар. Бұл модель бойынша алдымен білім алу немесе кәсіби дайындықтан өту, кейін тұрақты жұмысқа орналасу, содан соң ғана отбасы құрып, бала тәрбиелеу ұсынылады. Зерттеулер бұл реттілік сақталған жағдайда кедейлік қаупі азайып, отбасының әлеуметтік тұрақтылығы арта түсетінін көрсетеді. Қазақстан жағдайында мұндай тәсілді жастардың экономикалық дербестігін қолдайтын саясатпен ұштастыруға болады – жастарға білім алу, алғашқы жұмысқа орналасу, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту арқылы олардың отбасы құруға деген дайындық деңгейін арттыру маңызды, - дейді ол.
Осы тұста Ақнұр Бексұлтанқызы туу деңгейін тұрақтандыру тек қаржылай төлемдермен шектелмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ең тиімді жол – отбасының өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді әлеуметтік саясат жүргізу. Білім беру, еңбек нарығы, тұрғын үй және отбасы институтын қолдайтын әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыту.