Елімізде өсірілген лимонның ерекшелігі неде және қай қалаларға жеткізіледі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының Сарыағаш ауданында лимон жинау науқаны желтоқсан айында басталады. Шаруалар өнімді Жаңа жыл қарсаңында ішкі нарыққа жеткізуді жоспарлап отыр.
Kazinform тілшісі «Жабай ата» шаруа қожалығында болып, цитрус жемістерінің қалай өсірілетінін, жергілікті лимонның тұтынушыларға таныс сұрыптардан қандай ерекшелігі барын, жұмысшылардың жалақысы қанша екенін және шаруалардың қандай қиындықтарға тап болып отырғанын білді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер Қабланбек ауылдық округіндегі шаруашылықтың жұмысымен танысты.
Лимон өсіру идеясы қалай пайда болды
«Жабай ата» шаруа қожалығын Ергеш Төребеков басқарады. Ол жылыжай шаруашылығымен 2009 жылдан бері айналысады. Кәсібін 1,5 гектар жерден бастаған кәсіпкер кейін жылыжай көлемін біртіндеп ұлғайтқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде шаруашылықтың 12 гектар жерінде 9600-ге жуық лимон ағашы өсіп тұр. Ал тағы 16 гектар аумаққа болгар бұрышы егілген.
Бұған дейін шаруашылықта негізінен қияр мен қызанақ өсірілген. Цитрус жемістерін өсіру идеясы кәсіпкердің шетелдерге жасаған сапарларынан кейін пайда болған.
— Өзбекстан, Тәжікстан және Түркияға барып, ондағы лимон өсіру тәжірибесімен таныстық. Содан кейін өзіміз де байқап көруді ұйғардық. Біріншіден, лимон көп күтімді қажет етпейді. Екіншіден, жылыту шығыны жағынан тиімді. Мәселен, қияр мен қызанақ өсіру үшін температура 20 градустан төмен болмауы керек. Ал лимонға 5-6 градус жылылық жеткілікті. Бұл газ бен көмір шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді, — дейді Ергеш Төребеков.
Лимон ағаштарын отырғызбас бұрын шаруашылықта топырақ дайындау жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, топырақтың тұздылығы төмендетіліп, арамшөптер мен зиянкестерден тазартылған. Мейер сортының көшеттері Өзбекстаннан әкелінген. Бұл сұрыптың ерекшелігі — қабығы жұқа әрі дәмі жұмсақ.
— Лимон өсіру үшін шыдамдылық пен күтім қажет. Қазір лимон ағаштарын отырғызғанымызға төрт жыл болды. Әрқайсысынан 5-тен 20 келіге дейін өнім аламыз. Алдағы уақытта бір ағаштан 100-150 келіге дейін лимон жинауды жоспарлап отырмыз. Сол кезде табысымыз да артады. Өзбекстаннан көшет сатып алған кезде профессорлармен сөйлескен едік. Олардың айтуынша, жақсы күтім жасалса, лимон ағашы 80-100 жылға дейін өсіп, 50 жылға дейін жеміс бере алады, — дейді шаруа қожалығының басшысы.
Лимон өсіруде табиғи тозаңданудың да маңызы зор. Жабық жылыжай жағдайында аралардың гүлдеген ағаштарға еркін ұшып келуіне мүмкіндік жасау қажет.
— Лимон наурыз-сәуір айларында гүлдейді. Сол кезде аралар гүлдерді тозаңдандыруы үшін жылыжайдың жоғарғы бөлігін ашамыз. Бұл жұмыс шамамен бір айға созылады. Өнімді жылына бір рет жинаймыз, — дейді Ергеш Төребеков.
Жаңа жыл қарсаңындағы лимон өнімі мен бағасы
Шаруашылықта өсірілген лимондар ішкі нарыққа сатылмақ. Өнімнің басым бөлігі Түркістан облысында саудаланады. Қалған бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларына жеткізіледі. Әзірге шаруашылық экспортқа өнім жөнелтпейді. Фермердің айтуынша, ол үшін өндіріс көлемін арттыру қажет.
— Лимон жинауды желтоқсан айында бастаймыз. Жеті гектар жерден шамамен 80-90 тонна өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Көтерме саудада бір келісін 600-700 теңгеден өткізбекпіз. Одан кейінгі бағаны делдалдардың өздері белгілейді, — дейді Ергеш Төребеков.
Ал Сарыағашта өсірілген лимонды шетелден әкелінген лимоннан қалай ажыратуға болады? Сыртқы түріне қарап, жемістің қай елде өндірілгенін анықтау оңай емес.
— Өз өнімімізді бренд ретінде танытып, тұтынушылар оңай ажыратуы үшін әр лимонға арнайы таңба қоюды жоспарлап отырмыз, — дейді кәсіпкер.
Жылыжай салуға қанша қаражат жұмсалады және жұмысшылардың жалақысы қандай
Ергеш Төребековтің айтуынша, бір гектар жылыжай салуға шамамен 100 млн теңге жұмсалған.
— Бастапқыда мемлекеттік субсидия болған жоқ. Алдымен жылыжай салып, көшеттерді отырғыздық. Кейін ауыл шаруашылығы саласының өкілдері келіп, егілген ағаштарды тексерді. Осыдан соң мемлекеттік қолдау көрсетіле бастады. Бұл көмек газ бен электр энергиясына жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді, — деп түсіндірді ол.
«Жабай ата» шаруа қожалығында негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Тұрақты қызметкерлерден бөлек, өнім жинау кезеңінде қосымша жұмысшылар тартылады.
— Қазір жеті гектар аумақтағы лимон жылыжайында 35-36 адам еңбек етеді. Олардың айлық жалақысы — 270 мың теңге. Өнім жинау маусымында қосымша жұмысшылар жалдаймыз. Тұрақты қызметкерлердің басым бөлігінің арнайы білімі жоқ. Қажетті дағдыларды осы жерде, шаруашылықта меңгереді, — дейді Ергеш Төребеков.
Болгар бұрышынан бөлек, мандарин мен апельсин де өсірмек
Шаруашылықта лимоннан бөлек, болгар бұрышы да өсіріледі. Бұл цитрус ағаштары толық өнім бере бастағанға дейін бос жатқан жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
— Лимон бірден мол өнім бермейді. Жыл сайын өнім көлемі артып отырады. Сондықтан бос алаңдарды көкөніс өсіруге пайдаланамыз. Көктемде қияр мен қызанақ егеміз. Ал күзде болгар бұрышын өсіреміз, — деп түсіндірді кәсіпкер.
Алдағы уақытта фермер басқа да цитрус жемістерін өсіріп көруді жоспарлап отыр.
— Мандарин мен апельсин өсіруді де қолға алмақпыз. Егер мұнда лимон өссе, басқа цитрус жемістері де жерсінеді деп ойлаймыз. Бірақ барлығын бірден жасау мүмкін емес. Сондықтан егіс көлемін біртіндеп ұлғайтамыз, — дейді Ергеш Төребеков.
Арзан импорт жергілікті шаруаларды алаңдатады
Ергеш Төребеков жылыжай шаруашылықтары үшін негізгі мәселелердің бірі ретінде импорттық көкөністермен бәсекелестікті атады. Оның айтуынша, бұл жағдай әсіресе өнім жинау маусымында айқын сезіледі.
— Біздің қияр мен қызанақ пісетін уақытта нарыққа Өзбекстан, Түрікменстан, Иран және Қытайдан көп мөлшерде өнім жеткізіледі. Салдарынан баға төмендеп, жергілікті өндірушілер шығындарын өтей алмай қалады. Кейбір шаруашылықтар пайда таппағандықтан, жылыжайларын тоқтатып, басқа кәсіппен айналысуға көшті, — дейді кәсіпкер.
Ол өткен жылы Түрікменстаннан қызанақтың көп көлемде жеткізілуін мысалға келтірді.
— Қызанақ өте көп әкелініп, нарықтағы бағасы 300-400 теңгеге дейін, тіпті одан да төмен түсті. Соның әсерінен шаруалар жұмсаған қаражатын қайтара алмады. Сондықтан биыл күзде көпшілігі қызанақ егуден бас тартты. Қазір қызанақтың бағасы шамамен 1000-1200 теңге. Жаңа жылға қарай 2000-2500 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін, — деді Ергеш Төребеков.
Кәсіпкер отандық шаруашылықтар өз өнімдерін тиімді бағамен өткізе алуы үшін көкөніс импортына салынатын кедендік баж мөлшерлемесін арттыруды ұсынады. Ал тұтынушылар үшін арзан импорттық өнімдер, керісінше, қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Журналистер әңгіме барысында осы мәселеге де тоқталды.
— Сіздермен толық келісемін. Бірақ отандық шаруалар шығындарын өтей алмаса, көкөніс өсіруді тоқтатады. Салдарынан жергілікті өнім азайып, баға көтеріледі, — деп түйіндеді шаруа қожалығының басшысы.
Бұған дейін Түркістан облысының Сайрам ауданында орналасқан банан фермасы туристік орынға айналғанын жазған едік.