Елімізде шетелдік туристерді қабылдауға дайын 5-6 ғана аймақ бар — Даниел Сержанұлы
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде шетелдік туристерді қабылдауға дайын 5-6 ғана аймақ бар. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы айтты.

— Барлық бағытты бірдей шетелдіктерге жарнамалай бермейміз. Мұны түсіну керек. Өйткені, шетелдік туристі қабылдауға дайын аймақтар 5-6 ғана. Оның ішінде Алматы қаласы, Алматы облысы, Түркістан, Маңғыстау және Шығыс Қазақстанның Қатонқарағайы бар. Астана мен Бурабайды бір бағыт ретінде жарнамалаймыз. Басқа өңірлерге туристерді жаппай шақыруға ешқандай мүмкіндік болмай тұр. Себебі оларда дайын инфрақұрылым жоқ. Ал жазда сын айтылған нақты бағыттар негізінен ішкі туристер баратын жерлер. Иә, оларға да шетелдік туристер барады, бірақ көп емес, — деді Даниел Сержанұлы.
Оның айтуынша, сырттан келетін туристер ел экономикасына валюта әкеледі. Өткен жылы шетелдік туристерге көрсетілетін қызметтер экспортының көлемі 2,6 млрд доллар болды.

— Көп деп айтуға келмейді. Себебі оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі бірнеше пайыз ғана. Ал дамыған елдерде 10 пайыздан асып, 20-30 млрд долларға жетеді. 10 есе айырмашылық бар. Туризмнің басты мақсаты — шетелден валюта әкеліп, жергілікті халықтың пайдасына жарату. Ал ішкі туризмді әлеуметтік бағыттың бірі ретінде дамытамыз. Өйткені, халыққа рекреация керек. Рекреация — дегеніміз жұмыс істеген адамның демалыс кезінде өзін-өзі қалпына келтіруі. Сол үшін адамдар Балқашқа, Алакөлге барып демалады, — деді ол.
Даниел Сержанұлының атап өтуінше, жоғарыда аталған 6 өңірден басқа аймақтарда инфрақұрылым жақсы дамымаған. Жол бойында сервистер де нашар. Ал шетелдік қонақтардың тілінде қызмет көрсете алатын гид мамандары тапшы. 3 және 4 жұлдызды қонақ үйлер жетіспейді.
Айта кетейік, таяуда Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, ішкі туризмді дамытудың ұлттық бағдарламасын қабылдауды ұсынған еді.
Осыдан бұрын Қазақстан қай елдерден туристерді тартуға екпін қойып отырғанын жазғанбыз.