Елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл туралы Әділет министрлігі қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Думан Сүлейменов мәлім етті.

- Сталкинг – адамның заңсыз қудалануы, ол қоғамға елеулі қауіп төндіреді. Бұл әрекет жәбірленушіге психологиялық тұрғыдан кері әсер етеді, яғни үрей, қорқыныш, алаңдаушылық тудырады. Сталкинг кезінде көбіне қорқыту, ар-намысқа тию, қорлау сияқты әрекеттер байқалады. Сондықтан бұл әрекеттер үшін Қылмыстық кодексте бөлек баппен жауапқа тарту талап етіліп отыр,- деді Думан Сүлейменов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске сталкингке қарсы арнайы бап болмағандықтан, оның құрбандары көбеюі мүмкін.
- Сталкингке ұшыраудың арты физикалық зорлық-зомбылыққа, қорлық көрсетуге, мүлікке зақым келтіру қаупіне әкелуі мүмкін. Сондықтан отбасылық тұрғыда да сталкингке жауапкершілік енгізу жәбірленушілерді қорғауға мүмкіндік береді,- дейді Әділет министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, биыл 26 маусымда Сенат «Қазақстанның қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.
Осы орайда Қылмыстық кодекске сталкинг, яғни адамды оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге әкеп соққан байланыс орнатуға және оның ізіне түсуге бағытталған іс-әрекеттерде көрініс табатын, адамды заңсыз қудалағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 115-1-бап енгізілді.