Елімізде судьялық қызмет саласында 300 орын бос тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде түрлі жағдайлармен 120-ға жуық судья қызметінен босатылды. Қазіргі таңда судьялық қызмет саласында 300 орын бос тұр. Бұл туралы ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова айтты.

— Жыл басынан бері зейнет жасына жеткендіктен сот жүйесі саласынан кеткендер бар. Зейнет жасына жетпей, құрметпен зейнеткерлікке шыққандар бар. Бұл осы салада үздіксіз 20 жыл қызмет атқарған адамдарға берілетін демалыс. Одан бөлек тәртіптік жазаға тартылып, 6 судья қызметінен босатылды. Оның үшеуі судьялық этика кодексін бұзған, үшеуі істі қарау барысынды заңдылықты өрескел бұзған, - деді ол ОКҚ алаңында.
Оның айтуынша, денсаулық жағдайына байланысты қызметін ауыстырғандар да бар. Одан бөлек бұл салаға келіп, 3-5 жылдың ішінде өз еркімен қызметінен кететіндер де кездеседі.
— Бүгінгі таңда ел бойынша 2700 судьяның штаты бар. Қазіргі сәтте оның 300 вакансиясы бос тұр. Осы жылы түрлі себептермен шамамен 120-дай судья қызметтен кетті, - деді ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы судьяларды іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін Жоғары сот кеңесінің құрамын қайта қарау керектігін айтқан болатын.