Елімізде тағы бір автожолда жылдамдық 60 км/сағ дейін шектеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Астана — Щучинск бағыты бойынша 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты сағатына 60 шақырымға шектеу» жол белгілері қойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

зима метель закрытие трассы қыс боран жол жабылуы
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың мәліметінше, қаңтар айында елімізде көптеген ірі жол апаты тіркелді.

— Ауа райының өзгеруі жолдағы қауіпсіздікке айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан белгіленген нормалар мен қағидаларды сақтау өте маңызды. Қаңтар айының өзінде ірі жол апаттары тіркелді. Негізгі себеп — көріну мүмкіндігінің төмендеуі кезінде қауіпсіз жылдамдықты сақтамау, — деп атап өтті ол.

Аға инспектор атап өткендей, екі республикалық маңызы бар жолға шектеу қойылды.

— Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін көлік ағыны көп жол учаскелерінде жылдамдықты шектеу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Астана — Щучинск және Астана — Қарағанды бағыттары бойынша 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты сағатына 60 шақырымға шектеу» жол белгілері қойылды. Олар нашар көріну, көктайғақ немесе басқа да ауа райы факторлары жағдайында ғана қосылады. Көктайғақ, боран, тұман немесе жалпы қолайсыз ауа райы жағдайлары туралы хабарламадан кейін бұзушылықтарды тіркеу камераларының параметрлері көрсетілген жылдамдыққа өзгертіледі. Ауа райының нашарлауы туралы ескертулерде, сондай-ақ «Яндекс», «2GIS», «Indrive» және басқа да қосымшаларда енгізілген жылдамдық шегі туралы ақпарат көрсетіледі. Жолдарды ашу кезінде шектеулер алынып тасталады, — деп түсіндірді Боранова. 

Бұл ретте ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы жол ережесін қатаң сақтауды ескертті.

— Біз баршаңызды жол ережелерін қатаң сақтауға және ауа райының өзгеруін ескеруге шақырамыз. Сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі жолдағы қырағылығыңыз бен жауапкершілігіңізге байланысты екенін еске салғым келеді. Жылдамдықты асырмаңыз, жолда сабырлық пен түсіністік танытыңыз. Бірлесіп қана біз жолдарымызды қауіпсіз ете аламыз! — деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Осыған дейін хабарланғандай, Қарағанды-Астана жолында ауа райы нашарлағанда жылдамдықты қаншаға дейін төмендету қажет екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар