Елімізде тағы екі әуежай сенімгерлік басқаруға берілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамдық Sovico Group компаниясы еліміздегі екі қаланың әуежайына қызығушылық танытып жатыр. Толығырақ Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтып берді.

Елімізде тағы екі әуежай сенімгерлік басқаруға берілмек
Фото: ortcom.kz

Алдымен Көлік министрінің орынбасары әуежайлар жеке меншікке емес, сенімгерлік басқаруға берілетінін нақтылады. 

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Біз тәжірибесі бар халықаралық компанияларды инвестиция құюға, қаржылық-экономикалық модельді әзірлеуге және даму стратегиясын жасау үшін тартамыз. Бұл компаниялар 5, 10, 15, 20 жылдық жоспарларын ұсынады, біз соның негізінде өз стратегиямызды құрамыз. Бұл қалыпты әлемдік тәжірибе. Қазір Түркістан және Қызылорда әуежайларын сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр, — деді Мақсат Қалиақпаров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

халықаралық конференция
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ, вице-министр аталған екі әуежайды вьетнамдық Sovico Group компаниясына сенімгерлік басқаруға берілетінін тілге тиек етті.

— Sovico Group компаниясы Қазақстан нарығына кіріп, Qazaq Air әуе компаниясын сатып алып, 20-дан астам ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. Компанияға Түркістан және Қызылорда қаласының әуежайы ұсынылды, қазір сенімгерлік басқару мәселесі талқылануда. Әрине, басымдық бақылау мен қауіпсіздікке беріледі. Бізде құрамына 193 ел кіретін халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) нормаларына негізделген қатаң талаптар бар. Біз сол талаптарды орындап «қара тізімнен» шықтық. Инвесторлар ICAO стандарттарын сақтауға міндетті және бұл негізгі шарт, — дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада «Көлік және логистика нарығы» тақырыбында VI халықаралық конференциясы және GLOBAL Avia DAY әуе тасымалдарын дамыту жөніндегі I халықаралық форумы өтіп жатыр.

Еске сала кетсек, биыл мамырда вьетнамдық SOVICO компаниясымен Qazaq Air әуе компаниясын сатып алу туралы тиісті құжатқа қол қойылған еді. Ал күзде Qazaq Air-ді сату рәсімі неге аяқталмай жатқаны белгілі болды.

Сондай-ақ, желтоқсанда Павлодар әуежайы аукционға шығарылатыны, яғни жеке меншікке берілетіні туралы хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар