Елімізде төтенше жағдайдан хабардар ету қағидасы жаңарды

АСТАНА. KAZINFORM – Халықты төтенше жағдайдан құлағдар ету тәртібі жаңартылды.

дабыл
Фото: Pixabay

Төтенше жағдайлар министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізген құжатта айтылғандай, «Баршаның назарына!» дабылы іске қосылған жағдайда хабарлау жүйесі халыққа төтенше жағдайдың қаупі немесе туындауы туралы және іс-қимыл тәртібі жөніндегі ақпаратты бір мезгілде әрі бірнеше рет жеткізуді қамтамасыз етеді.

- Біртұтас «Баршаның назарына!» дабыл сигналының ұзақтығы – 1 минут. Дабылдан кейін ұзақтығы 5 минутқа дейінгі ақпараттық хабарлама мемлекеттік және орыс тілінде таратылады. 1 сағат ішінде ақпараттық хабарламаны 3 реттен артық қайталауға болмайды әрі ол хабарлау жүйесін пайдалануды доғару туралы шешім қабылданғаннан кейін тоқтатылады, - делінген құжатта.

«Баршаның назарына!» дабыл сигналынан кейін халық іс-қимыл, яғни әрекет ету нұсқаулықты алып, оны орындау үшін қолда бар ақпарат алу құралын пайдаланады.

Халыққа төтенше жағдайдың қаупі туралы профилактикалық сипаттағы ақпаратты жеткізу сиреналық-дыбыстық құрылғылар арқылы үш рет қайталап беру, теле- және радиохабар тарату желілерін бұғаттау, мобильді қосымшаларда, ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарда жариялау, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының желілері бойынша, соның ішінде Cell Broadcast технологиясын қолдана отырып, SMS тарату жолымен жүзеге асырылады.

Сиреналық-дыбыстық құрылғылар арқылы ақпарат жеткізу уақыты сағат 08:00-ден 22:00-ге дейінгі аралықта жүзеге асырылады.

Бұйрық 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Толығырақ сілтемеге өтіп танысуға болады. 

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен құтқарушыларға үстемеақы төлеу қағидалары жаңартылғаны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар